Қазақстанда тіркелген көлік саны өткен жылдың 12 айлық көрсеткішінен асып кетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жыл басынан бері 1 094 106 көлік құралы тіркеуден өтіп, 2017 жылдың жыл бойғы көрсеткішінен 53 953 автокөлікке асып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Автобизнес қауымдастығының келтірген мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылдың қараша айында ІІМ органдары 106 654 автокөлікті есепке алған. Бұл көрсеткіш қазан айындағы көрсеткіштен 5,5 пайызға төмен. Десек те, 2018 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстанда 1 094 106 көлік құралы тіркеуден өткен. Бұл көрсеткіш - 2017 жылдың 12 айының көрсеткішінен 53 953 автокөлікке көп.

«Тіркеуден өткізілген автокөліктердің 38 пайызы - пайдаланғанына 20 жылдан асып кеткен көліктер (423 602 дана). 10-20 жыл бойы пайдаланылған көліктердің үлесі - 27 пайыз (300 289 дана). 2008-2015 жылдары шығарылған автокөліктер бойынша 266 476 көлік, (24,3 пайыз), қолданылғанына 3 жыл болған 102 810 көлік тіркеуден өтті», - деп хабарлады қауымдастықтың баспасөз қызметінен.

Елімізде саудадағы ең мол сұранысқа ие автокөлік маркасы - бұрынғыдай Toyota Camry болып отыр. Қазақстанда көлік саудасына қатысты келісімнің әрбір алтыншысы осы маркаға тиесілі. Жалпы, 2018 жылдың 1 желтоқсанындағы көрсеткіш бойынша, Қазақстанда барлық типтегі 4,45 млн көлік құралы тіркелген. Есепте тұрғандардың ішінде ең көбі ВАЗ (Lada) - 770 мың. Екінші орында Toyota - 450 мың. Үшінші орынға 280 мың дана көлікпен Volkswagen жайғасқан.

«Аймақтар бойынша сараласақ, көлікті тіркеу жағынан Алматы облысы бірінші орында. Қаңтар-қараша айларында Алматы облысында 158 636 авто тіркелген. Сонымен бірге, Шымкент пен Түркістан облысында 157 454 тіркеу жүргізілгені белгілі болып отыр. Үшінші орында - Алматы қаласы (138 874 дана көлік) болса, төртінші орынға Астана (93 659 дана) жайғасып, бестікті Қарағанды облысы (75 519 тіркеу) түйіндейді», - деп хабарлайды Қазақстан Автобизнес қауымдастығы.

Соңғы жаңалықтар