Қазақстанда терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл қызметінің тиімділігі күшейтіледі
2022 жылғы 28 маусым 11:34

Қазақстанда терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл қызметінің тиімділігі күшейтіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл, сондай-ақ мемлекеттік баға реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сонымен қатар палата депутаттары «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе құжатты да қабылдады.

Заң жобаларының мақсаты қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы, сондай-ақ аталған саладағы ұлттық заңнамалық жүйені нығайтуға бағытталған.

«Құжатты дайындау барысында Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсыныстары ерекше талданды. Біріншіден, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1617 қарарына сәйкес, ФАТФ ұсыныстарын орындау БҰҰ-ға мүше елдер үшін міндетті болады. Екіншіден, биыл Қазақстан кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың бағалауынан өтуі тиіс. Ол топтың көшпелі іс-шарасы елімізде биылдың күзінде өтеді. Сондықтан ұлттық заңнамаларға ФАТФ халықаралық стандарты аясында негізгі толықтырулар енгізілген», - деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.

Осы орайда еліміздегі қолданыстағы 12 заң мен 4 кодекске өзгеріс пен толықтырулар енгізілмек.

Депутат негізгі толықтыруларға тоқтала келе: «Біріншеден кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған трасттарға немесе басқа да корпоративтік құрылымдарға жауапкершілік енгізілді», - деді.

Оның айтуынша, қылмыстық кірістерді жылыстатқаны үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін енгізу ұсынылып отыр.

«Терроризмді қаржыландыруға қатысы бар адамдарды және терроризмге әрекет ететін адамдарға тыйым салу шараларын қолданатын өзгертулер енгізілді. Заң жобасында қаржы мониторингі органдарының лауазымды адамдарына тиісті әкімшілік құқық бұзушылық хаттамаларын толтыру өкілеттігі берілді», - деді Сұлтанбек Мәкежанов.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT