Қазақстанда тауарды экспортқа шығару жеңілдеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мемлекеттік орган өкілдерімен бизнес қауымдастық арасында кездесу өтіп, Үкімет тарапынан жасалып жатқан бірқатар өзгерістер талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараны ҚР Ұлттық экономика министрлігі ұйымдастырды. Жиынға бірқатар министрлік өкілдері мен Жоғары Сот, Ұлттық банк, Алматы әкімдігі, Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жауапты мамандары қатысты. Жиында баяндама жасаған Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин кәсіпкерлердің өз тауарларын экспорттауына барлық жеңілдіктер жасалғанын айтып өтті.

«Тауарларды экспортқа шығару үшін барлық процесті электронды етіп жатырмыз. Бұрын оған 5-6 күн керек болса, қазір 15 минут ішінде декларация толтыруға болады, брокердің қызметі де керек емес. Брокердің бағасы 54 000 теңге болатын. Қазір кедендік баж салықтарын 15 минутта төлеуге болады. Біз бизнес үшін барлық жеңілдікті жасап жатырмыз. Экспортқа шығу үшін сертификат алу жағын да жеңілдеттік. Бұрын сертфикат жасау үшін сараптама керек еді, оған 1 айға дейін уақыт кететін. Қазір біз оны алып тастадық. Енді сертификатты 1 күнде алуға болады. «Қазақстан темір жолында» да бір вагон жалдау үшін бірнеше күн керек еді, қазір «ҚТЖ» инфражүйе құрды. Онда жеке кабинет ашып, вагондарға алдын ала тапсырыс беруге болады», - деді вице-министр.

Министр бизнесті дамыту үшін айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

«Бизнестің дамуы үшін реформалар жасалып жатыр. «Рейтинг қуып, қарапайым бизнестің жағдайын ұмыттыңыздар» деген сыни пікірді көп естиміз. Ол дұрыс емес. Бизнес жасау туралы шешім қабылдаған әр адамға Үкімет көмсектеседі. Мысалы, мекеме ашу үшін бұрын екі-үш ай кететін. Қазір тіпті, үйден шығудың қажеті жоқ, жеке компьютеріңізбен электронды үкімет  арқылы жарты сағат ішінде мекеме ашып, банкпен шартқа отыруға болады. Құрылыс жасау үшін рұқсатнамаға көп уақыт кететін, біз оны да жеңілдеттік»,- деді ол.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанда  1 540 592 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Олардың 1 145 994-і нақты кәсібін дөңгелетіп отырғандар санатында.  

Соңғы жаңалықтар