Қазақстанда тарифті реттеу саласында жаңадан екі жаңа институт құрылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасы негізінде тарифтік саясатқа біршама өзгерістер енгізгелі жатыр. Заң жобасының мақсаты туралы Мәжілісте «Табиғи монополиялар туралы заңнаманы және тариф белгілеуді жетілдіру» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде ҚР ҰЭМ вице-министрі Серік Жұманғарин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тарифтік реттеудегі жаңа тәсілдер туралы баяндама жасаған вице-министр дөңгелек үстел басталмай тұрып тілшілерге енгізілгелі жатқан өзгерістер туралы айтты. Оның сөзіне сәйкес, аталмыш саладағы инфрақұрылым жыл сайын 70, тіпті алыс аймақтарда 100 пайызға дейін ескіріп барады. 2014 жылы осы себепті соңғы тарифтер жүйесі енгізіліп, инвестициялық бағдарлама әзірлеу міндеттелген.

«ТҮКШ саласында тұтынушылар тарапынан бірқатар шағымдар бізге түскен болатын. Сол себепті, мәселені реттеуде жаңа тәсілдердің керектігі айқын байқалды. Алайда инфрақұрылымның түзелуімен біз қызмет сапасы аса жақсара қоймайтынын бақылап отырмыз. Тарифтік реттеудегі жаңа саясат табиғи монополия субъекттеріне инвестициялық бағдарламаларды әзірлеуді міндеттеп қана қоймайды. Субъект өзінің қызметінің сапа тұрғысындағы көрсеткішін, сенімділігін, жұмысының тиімділігін растай білуі керек. Біз оған қалай бақылау жасауды білеміз. Бұл жаңа әдіс - ынталандырушы әдіс деп аталады», - дейді Серік Жұманғарин тілшілерге.

Демек, табиғи монополияның субъектісі бекітілген бағдарламаны орындамаса, тұтынушыларға тарифтер қайтарылып беріледі.

«Бірақ ең бастысы біз қызмет сапасына баса маңыз береміз. Монополист өтінім беріп, өзінің инвест бағдарламасын әзірлейді де, қызметінің сапасын, сенімділігін, инвестициялық тартымдылығын дәлелдейді. Егер ол осы талаптарды орындамайтын болса, біз оларды тарифтерден айырамыз. Тексеру жұмыстары жылына бір рет жүргізіледі. Сондай-ақ, бұл заңда екі жаңа институт құрылады. Біріншісі - тарифтік саясат бойынша қоғамдық кеңес. Оның құрамына депутаттар кіреді. Екіншісі - табиғи монополиялар саласындағы тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы. Біз бұл саланы толығымен ашық еткіміз келеді. Әсіресе, монополистерге қаншалықты тарифтердің берілетінін бәрінің білгенін қалаймыз», - дейді ол.

Вице-министрдің айтуынша, қоғамдық кеңестер тарифтерді белгілеу процесіне қатысып, өтінімдерді қарайтын болады.

Соңғы жаңалықтар