Қазақстанда тағы бір ұлттық компания құрылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек азаматтық авиация саласында ұлттық компанияны құру жоспары жайында айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, алдағы уақытта азаматтық авиацияны реттеудің британдық моделіне көшу жоспарланып отыр. Бұл - Мемлекет басшысының тапсырмасы. «Осының арқасында ИКАО-ның кәсіби инспекторларға қатысты талабын орындап, әуе кеңістігіндегі қауіпсіздік деңгейін 80 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Министрлік тиісті дайындық жұмыстарын атқарып шықты. Ұлыбританияның азаматтық авиация агенттігімен меморандум рәсімделді. Британ сарапшылары да келіп кетті. Олармен ынтымақтастық жолдары пысықталды. Негізі, қазіргі кезде біз толығымен дайынбыз», - деді Ж.Қасымбек.

Ұлыбританияның азаматтық авиация саласын реттеу үлгісі әлем бойынша озық тәжірибеге жатады. Оған сәйкес, арнайы мемлекеттік корпорация әуе ұшуларының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Аталған корпорация көлік департаментіне қарайды. Осының арқасында Ұлыбританияның ИКАО-ның қауіпсіздік талаптарын 93 пайызға орындап отыр. Қазақстанда аталған көрсеткіш 74 пайызды құрайды. «Біз британ моделін енгізу мәселесін қарастырып шықтық. Соның аясында заңнамаға бірқатар өзгерістерді енгізіп, қауіпсіздік саласындағы кейбір функцияларды ұлттық компания үлгісіндегі жаңа құрылымға беру керек. Ол компания министрлікке қарайтын болады. Инспекторлар штаты ұлттық компанияға ауысады. Ал министрлік азаматтық авиация саласындағы саясатқа жауап береді», - деп атап көрсетті Ж.Қасымбек.

Министрдің сөзіне қарағанда, Үкіметке тиісті ұсыныстар енгізілді. Алдағы уақытта аталған мәселе ұлттық комиссияның қарауына шығарылады.

Соңғы жаңалықтар