Қазақстанда тағы бір банктің депозит ашуға лицензиясы тоқтатылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгіннен бастап «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-ның жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, жеке тұлғалардың банк шоттарын ашуға арналған лицензиясы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі сілтемемен.

«ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысымен 2018 жылғы 29 мамырдан бастап «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-ның жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, жеке тұлғалардың банк шоттарын ашуға арналған лицензиясының қолданылуы 2018 жылғы 29 тамызға дейінгі мерзімге тоқтатылды», - делінген хабарламада.

Лицензия жеке тұлғалардың жаңа депозиттерін тартуға және жаңа банк шоттарын ашуға тоқтатылғанымен, банктің қолданыстағы депозиттеріне және клиенттеріне қызмет көрсетуге қатысты емес.

2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, банктің жеке тұлғалардан қабылдаған депозиттерінің көлемі 267 млн теңгені құрайды. Банктің жеке тұлғаларының депозиттік портфелінің үлесі банк жүйесінің жеке тұлғалар депозиттерінің жиынтық көлемінен 0,003% құрайды.

Бұған дейін ҚР Ұлттық банкінің қаулысымен «Астана Банкінің» жеке тұлғаларға депозиттер ашуға лицензиясы уақытша тоқтатылғанын хабарлаған едік.  

Соңғы жаңалықтар