Қазақстанда табиғи өрттің 50% астамы адами фактордан болады – ҚР ТЖМ

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл сайын елімізде 800-ге жуық орман және дала өрттері тіркеледі. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдай министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидрометтің болжамы бойынша, биылғы үшінші тоқсанда ауа температурасы орташа +30ºС-қа дейін жетеді, ал республиканың оңтүстік, шығыс және батыс бөліктерінде құрғақшылық пен жауын-шашын тапшылығымен ауа температурасы +40ºС-қа дейін көтеріледі деп болжануда. Мұның бәрі орман қорындағы өрт қаупін едәуір арттырады», - деді Н. Дербісов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Табиғи өрт себептерін талдау көрсеткендей, өрт тұтануының тек 43%-ы табиғи құбылыстардан, найзағай разрядтарынан болса, 50%-дан астамына адами фактор себеп болған.

«Осыған байланысты, ТЖМ әкімдіктермен және жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, халықтың ормандар мен дала алқаптарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтауы, ауыл шаруашылығы ұйымдарының өрт қауіпсіздігі қағидаларын орындауын қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауға алды. Барлық өңірлерде кең ауқымды алдын алу іс-шаралары жүргізілуде», - деді Нұрболат Дербісов.

Бұған дейін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Титов Алакөл жағалауындағы ауқымды өрттің мән-жайын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар