Қазақстанда сыбайлас жемқорлықты бақылау айтарлықтай жақсарды — Дүниежүзілік банк

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік банк жыл сайынғы «Мемлекеттік басқару индикаторлары» (The Worldwide Governance Indicators, WGI) зерттеуін жариялады, оның аясында әлемнің 214 елінің мемлекеттік басқару сапасы мен тиімділігі бағаланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

WGI алты индикаторды қамтиды: «Сыбайлас жемқорлықты бақылау», «Үкіметтің тиімділігі», «Заңның үстемдігі», «Реттеуші ортаның сапасы», «Саяси тұрақтылық», «Мемлекеттің есеп беруі».

Көрсетілген барлық бағыттарды жинақтайтын жиынтық индекс немесе бірыңғай рейтинг жоқ – әрбір индикатор жеке бағаланады.

WGI деректерді көрсету тәсілдерінің бірі – пайыздық ранг шкаласы. Ол ең төмен көрсеткіштері бар елдердің пайызын анықтау арқылы қалғандарының арасында жеке мемлекеттің жағдайын көрсетеді.

2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан «Сыбайлас жемқорлықты бақылау» индикаторы (СЖБИ) бойынша айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізді.

Мәліметтер 13 дереккөздің негізінде есептелді, олардың ішінде Bertelsmann Stiftung, Freedom House, Economist Intelligence Unit, PRS Group, World Justice Project, IHS Markit, IMD, World Economic Forum, V-Dem және Transparency International (Әлемдік сыбайлас жемқорлық барометрі) сияқты компаниялардың зерттеу нәтижелері бар.

Зерттеулері «Сыбайлас жемқорлықты бақылау» индикаторын құрайтын көптеген ұйымдардың Қазақстанның соңғы жылдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі күш-жігерін оң бағалағанын айта кеткен жөн.

Мысалы, PRS Group желісі бойынша соңғы жылда Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша көрсеткіш 2 есеге өсті, ал IMD жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде осындай индикатор бойынша Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш болып табылатын 29-шы орынға ие болды, ол өткен жылмен салыстырғанда 10 позицияға көтерілді.

1996 жылы WGI-дің осы индикаторын өлшеу басталған сәттен бастап Қазақстанның соңғы жылы ғана айтарлықтай жоғары көрсеткішке қол жеткізгенін атап өткен жөн. «Сыбайлас жемқорлықты бақылау» индикаторының пайыздық рангі 36,06%-ды құрады, яғни әлемнің осынша мемлекеттерінің сыбайлас жемқорлықты бақылау деңгейі Қазақстанға қарағанда нашар. Бір жыл бұрын көрсеткіш айтарлықтай төмен болды -19,71%.

Бұл Қазақстанның осыған дейінгі бұл рейтингке енген ең жақсы нәтижесі болғанын атап өткен жөн.

Посткеңестік кеңістік елдерінің арасында Қазақстан Ресей (21,15%), Украина (18,27%), Әзербайжан (21,63%), Молдова (25,96%) Қырғызстан (16,35%), Өзбекстан (12,50%) және Түрікменстанға (8,17%) қарағанда айтарлықтай жоғарыда тұр.

Соңғы жаңалықтар