Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбына марка шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі пен «Қазпошта» АҚ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған пошта маркаларын сатылымға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі — тақырыптық марка шығарған алғашқы құқық қорғау органы.

Марка дизайнына құқық қорғау органының коммуникативті логотипі негізге алынған. Маркада Агенттіктің «Әділдік. Парасаттылық. Сенім» құндылықтары жазылған. Бұл құндылықтар логотипте қолданылған түстерде де берілген: аспан түстес – әділдікті, кемелдікке, жаңаруға ұмтылуды; көк түс – сенім мен қауіпсіздікті бейнелейді.

Пошта маркасына естелік белгі соғу салтанаты Агенттік Төрағасы Алик Шпекбаев пен «Қазпошта» АҚ Басқарма Төрағасы Сәкен Сәрсеновтің қатысуымен өтті.


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы өз сөзінде шараның маңыздылығын атап өтті.

«Жемқорлықпен күрес өзгеріске ұшырады. Бұрынғы қорқынышты, жазалау шараларына берілген басымдық енді құқық бұзушылықтардың алдын алуға ауысты. Cондықтан, агенттік қылмыстық-құқықтық шаралармен қоса, жемқорлықты қабылдамау идеясын насихаттауға, ақпараттандыруға, сонымен қатар азаматтық қоғамды кеңінен жұмылдыруға күш салуда. Марканы шығару – осы жолдағы қадамның бірі», - деді Алик Шпекбаев.

Ұлттық пошта операторының басшысы Сәкен Сәрсенов: ««Марка шығару - Қазақстан аумағында сыбайлас жемқорлыққа төзбеу идеясын таратуға және сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу туралы Елбасы мен Мемлекет басшысының ұстанымын сақтауға мүмкіндік беретін оқиға болады деп үміттенеміз», - деп атап өтті.


Марка 2020 жылдың 24 маусымынан бастап айналымға енеді. Бағасы – 200 теңге. Таралымы – 10 000 дана. Марканы «Мемлекет саясаты» сериясымен Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі шығарды. Автор және графикалық дизайнер — Д.Со, техникалық дизайн — І.Оңғарбайдікі.


Соңғы жаңалықтар