Қазақстанда сүт өндірісінің өзіндік құны орта есеппен 30 пайызға өсті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда сүт өндірісінің өзіндік құны кәсіпорынның шамасына қарай 23-тен 65 пайызға дейін артты. Бұл жайында ҚР Сүт одағының директоры Владимир Кожевников мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, сүт өндірісі әлеуметті маңызы бар сала саналады және қазақстандық тұтынушылардың өнімнің қажетті көлемімен қамтамасыз етіп отыр.

Отандық өндірушілер нарықтың 95 пайызын сүт және сүт өнімдерімен қамтиды.

Дегенмен, одақ директоры сүтті қайта өңдеп жасалатын өнімдерді шығаруға келгенде жағдай күрделі екенін айтады.

«Логистикалық тізбек үзіліп қалды. Біз көптеген ингредиенттерді, оның ішінде қаптаманы Ресейден аламыз. Мұның бәрін қайтадан жолға қою үшін уақыт керек. Бірақ, бұл өнімге де тәуелділігіміз төмендей түсті. Алайда, ресей-украин оқиғаларына байланысты өзгерістер көп қиындық туғызып отыр. Мұның бәрі өнімнің өзіндік құнына, соған орай бағасына әсер етуде. Дүкенге барған кезіңізде бағаның күн сайын болмаса да, апта сайын өзгеретінін көріп жүрсіздер. Бізде өнімнің өзіндік құнының 65-75 пайызын шикізат алады. Ал дәл осы шикізат бүгінде 65 пайызға қымбаттап отыр. Бұл - Сүт одағының емес, ФАО-ның (БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) мәліметтері. Бұл ұйым шынайы жайтты әсірелеуге мүдделі емес», - деді ол «Атамекен» ҰКП алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Одақ директорының дерегінше, сүт өндірісінің өзіндік құны шағын шаруашылықтарда 65, ал ірі шаруашылықтарда 23 пайызға артқан.

Мұндай айырмашылық ірі шаруашылықтарда қоймалардың бар-жоғына, мал азығы қорының жеткіліктілігіне байланысты.

Ал шағын шаруашылықтардың мұндай мүмкіндіктері жоқ.

«Толықтай алғанда сүтті қайта өңдеудің өзіндік құны 30 пайызға өсіп отыр», - деді Владимир Кожевников.


Соңғы жаңалықтар