Қазақстанда сүт безі обыры көрсеткіші төмендеді

None
None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Онколог мамандар сүт безі обырынан болатын көрсеткіштерді жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарованың айтуынша, 2011-2017 жылдар аралығындағы кезеңде сүт безі обырынан болатын өлім көрсеткішінің 9,7 пайызға төмендегені байқалған. Жаңа ереже бойынша сүт безі обырын анықтау скринингі 40 жасқа толған кезден бастап жүргізіледі.

Сүт безі обыры ауруы (СБО) онкология сырқаттарының жалпы құрылымында әлі де бірінші орында тұр. Оның үлесі - 13,8% (14,5% - 2016 ж.). Сондай-ақ, онкологтардың айтуынша, СБО ауруының көрсеткіші еліміздің жүз мың тұрғынына шаққанда, 2016 жылғы 26,1 пайыз алғ сол көрсеткішпен салыстырғанда 2017 жылы 24,5% болды. Облыстар бойынша аурулар құрылымында СБО Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан өңірлерінде және Астана мен Алматы қалаларында бірінші орында тұр.

СБО ауруының көрсеткіші Павлодар (100 мың адамға шаққанда 35,7%), Солтүстік Қазақстан (100 мың адамға шаққанда - 35,2%), Қарағанды (100 мың адамға шаққанда - 33,8%), Шығыс Қазақстан ( 100 мың адамға шаққанда - 32,7%), Ақмола (100 мың адамға шаққанда - 31,2%), Қостанай (100 мың адамға шаққанда - 31,8%), Батыс Қазақстан (100 мың адамға шаққанда - 26,3%) облыстарында және Алматы қаласы (100 мың адамға шаққанда - 35,1%) мен Астана қаласында (100 мың адамға шаққанда - 28,4%) республикалық көрсеткіштен асып кеткендігі анықталды. Аурудың төмен көрсеткіші Маңғыстау (100 мың адамға - 14,2% ), Оңтүстік Қазақстан (100 мың адамға -14,7% ), Қызылорда ( 100 мың адамға - 15,4% ) және Атырау (100 мың адамға - 15,6%) облыстарында тіркелген.

2011 - 2017 жылдар аралығындағы кезеңде СБО-дан болған өлім көрсеткіші 9,7 пайызға азайғаны байқалады (2011 жылы - 1377 жағдай -100 мың адамға шаққанда - 8,3% ), 2017 жылы - 1243 жағдай (100 мың адамға шаққанда - 6,9% ). Өлім көрсеткішін төмендету СБО диагностикасын уақытылы және ерте жүргізудің арқасында мүмкін болып отыр. Мәселен, 2011 жылы аурудың I -II кезеңін анықтау - 73,4 пайызды (2 568 жағдай), ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 84,7 пайызды (3 677 жағдай) көрсетті. 2011 жылдан бері СБО-ға уақытылы диагностика жүргізу 11,3 пайызға артқан, бұл сонымен бірге маммографиялық скринингті жүзеге асырудың нәтижесінде де мүмкін болған.

«Онкологтар онкопатологиялардың, оның ішінде сүт безі обырының алғашқы кезеңдерін анықтау мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Сондықтан, қазір,жаңа ереже бойынша, сүт безі обырына байланысты скрининг 40 жасқа толған кезден бастап жүргізіледі. Мына мәселенің маңыздылығын ескерген жөн, өлім көрсеткішінің төмендеуі сүт безі обырын ерте және дер кезінде анықтаудың нәтижесінде ғана мүмкін болып отыр», - деді Диляра Қайдарова.

Соңғы жаңалықтар