Қазақстанда суармалы жерлер қалай игеріліп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров суармалы жерлерді игеру жайында баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылғы қаңтардағы мәлімет бойынша суармалы жерлер алаңы 1,5 млн гектарды құрады. Суармалы жерлерде дәнді дақылдар 25,6%, жем-шөп дақылдар - 26%, мақта - 9,3%, майлы дақылдар - 6,6%, күріш 6,2% қамтыды.

Белгілі болғандай, суармалы жерлердің 79,2 пайызы жер үсті суарумен, 6,8 пайызы жаппай су басумен, 3,3 пайызы тамшылатып, 10,7 пайызы жаңбырлатып суарумен қамтылған.

«Тамшылатып және жаңбырлатып суарудың қазіргі заманғы әдістері тек 210,4 мың гектар алаңда немесе суармалы жерлердің 14 пайызында ғана қолданылады. Сондықтан, суару кезінде ылғал үнемдеуші технологияларды пайдалану үлесін арттыру өзекті мәселе болып отыр.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді заманауи ылғал үнемдегіш технологияларын енгізуге ынталандыру мақсатында инвестициялық субсидиялау қолданылады. Ол келтірілген инвестициялардың 50 пайызын өтеуді, сондай-ақ фермерлерді оқыту және білімді тарату, оның ішінде американдық Валмонт компаниясымен құрылатын демонстрациялық фермалар желісі арқылы білімді арттыруды көздейді», - деді министр.

Аталған суармалы жерлерде ауыспалы егіс ескеріле отырып, барлық қажетті ауыл шаруашылығы дақылдары өсірілетін болады.

«Әрине, суармалы егіншіліктің артықшылығы айқын. Суару есебінен өнімділігін 2-3 есе арттыруға болатын бірқатар дақылдар бар. Қазіргі заманғы суару жүйелері қымбат болса да, (1 гектарға 1 000 АҚШ доллары) олар жалпы жиналымды ұлғайту есебінен егіншіліктің осы түрін инвестициялық тартымды етеді», - деді Сапархан Омаров.

Министрдің айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жылына 6 пайызбен қаражат алуға болады, сонымен қатар инвестициялық субсидиялау бағдарламасы да жұмыс істейді.

Бүгінде Мемлекет басшысы алға қойған жоғары рентабельді дақылдарға көшу, импорт алмастыру және суармалы жерлердің алқаптарын 2030 жылға дейін 3 млн гектарға дейін біртіндеп жеткізу жөніндегі міндеттер аясында егіс алаңдарының құрылымы әзірленді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қазіргі уақытта Қазақстанда 1,5 млн гектар суармалы жер бар. Олардың басым бөлігі оңтүстік облыстарға тиесілі. Өткен жылы сол жерлерді суару үшін 12,3 млрд теше метр су жұмсалды. Бұл еліміз бойынша тұтынатын судың 67 пайызын құрайды.


Соңғы жаңалықтар