Қазақстанда суармалы егістер 3,5 млн гектарға жеткізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында  ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Қазақстанда суармалы жерлер алқабы елеулі түрде артатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, Ө. Шөкеев 2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ті дамыту бағдарламасына түзетулер енгізу тақырыбында баяндама жасады. Бұл орайда бірнеше салалық бағдарламалар қамтылмақ.  

Суармалы егіншілікті дамыту бағытына тоқталған министр, «қазіргі кезде суармалы жерлер жалпы егіс (21,9 млн гектар) алаңының 7 пайызын ғана алып жатыр. Соған қарамастан, суармалы жерлерден өнім құнының 40 пайыздан астамы алынады. Бұл олардың тиімді екенін дәлелдейді. Биылдың өзінде 65 мың гектар суармалы егістікті қосамыз. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, суармалы жердің жалпы алаңын 2021 жылға қарай 2 млн  гектарға дейін жеткізу көзделген», - деді.

Белгілі болғандай, салалық бағдарлама аясында тағы 1,5 млн гектар суармалы жерді айналымға қосып, олардың алаңын 3,5 млн гектарға дейін(2027 жылы) жеткізу жоспарлануда. Осылайша, суармалы жерлердің үлесі 16 пайызды, ал өнім көлемі 2,4 трлн теңгені құрайды. Суармалы жерлерден тек көкөніс пен жемістер ғана емес, сонымен бірге мал азығы да алынады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Өмірзақ Шөкеев фермерлердің тұқым алуға жұмсаған шығыстары өтелетінін мәлім етті. 

Сонымен қатар ол фермелерге техниканы тиімді жолмен беру жолдарын атады. 

Соңғы жаңалықтар