Валюта бағамдары:
    usd/kzt 478.01 eur/kzt 488.81

    rub/kzt 7.91 cny/kzt 70.76
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Қазақстанда су ресурстары мәселелеріне арналған ғылыми-талдау орталығы ашылады

2022 жылғы 2 маусым 12:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде су ресурстарына қатысты мәселелердің шешімін ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету үшін салалық ғылыми-зерттеу талдау орталығын құру жоспарланып жатыр. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкімет су ресурстарын басқаруға қатысты бірнеше шара қабылдап жатыр.

Бірінші, трансшекаралық су ресурстарын пайдалануда көршілермен мемлекетаралық су қатынастарын құру кезінде халықаралық су құқығы қағидаттарын барынша іске қосу қажеттігі.

Екінші, суға деген сұраныс артқан жағдайда тапшылықты жоюға қатысты. Яғни қолда бар су ресурстарының әлеуетін сақтап, су ресурстарын игеруде интеграцияланған басқару практикасын жақсарту. Сонымен қоса халықты, су жүйелері мен экономика салаларын сумен теңгерімді қамтамасыз етуге мән беріліп жатыр», - деді Серік Қожаниязов «ECOJER» ІІ халықаралық экологиялық конгресіне қатысушылардың сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, су ресурстарын қорғау, бақылау және пайдалануда бассейндік инспекцияның қызметін күшейту қажет.

Себебі бүгінде бассейндік инспекция қызметкерлерінің жүктемесі жоғары болуына байланысты су қорын қорғауда бақылау әлсіреген.

«Жоғарыда аталған су ресурстарына қатысты мәселелердің шешімін ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету үшін «Қазақ Су шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институтының базасында су ресурстары мен су шаруашылығы проблемалары жөніндегі салалық ғылыми-зерттеу талдау орталығын ашу жоспарланып жатыр. Мақсат – Су ресурстары комитеті мен бассейндік инспекцияны нығайту», - дейді ол.

Айта кетейік, елордада өтіп жатқан «ECOJER» ІІ халықаралық экологиялық конгресінде 2030 жылға қарай Қазақстанда су ресурстарының тапшылығы болатыны туралы мәлім етілді.

Сондай-ақ елімізде 2025 жылға дейін 9 су қоймасы салынатыны айтылды.


Автор:

Дәулет Ізтілеу

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар