Қазақстанда студенттерге ата-анасының рұқсатынсыз несие бермеу ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық студенттерге ата-анасының рұқсатынсыз несие бермеу керектігі мәселесі талқыға салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз қазір студенттермен тығыз қарым-қатынас орнатуға тырысамыз. Бұрын жастар ішпесе, шекпесе деп қорқатын едік. Қазір басқа проблема. Бүгінде барлық студентте дерлік несие бар. Ол туралы ата-аналары білмейді. Ата-анасы біліп қойғаннан кейін екіжақты проблема басталады. Сосын ол студент несиемді жабамын деп, тағы несие алып немесе қарыз алып жатады. Қарыздан құтылу үшін букмекерлік мекемелерге бәс тігіп немесе ломбардқа жеке заттарын өткізіп жатады. Өзімен қоймай, достарының сеніміне кіріп, оларға да несие алдырған жайттар бар. Біз бұл мәселені министрдің алдында қозғадық. Осы орайда студент деген мәртебесі бар жастарға ата-анасының рұқсатынсыз несие бермеу туралы заң қабылдап немесе шешім шығарудың мүмкіндігі бар ма?» - деді Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі жастар департаментінің директоры Жамбыл Тілепов.

Аталған сауалға қатысты ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров пікір білдірді.

«Былтыр елімізде несие беру бойынша банктердің талабы қатаңдатылды. Бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Бұл мәселенің екінші жағы бар. Егер несие беруді мүлдем қатаңдатып тастасақ, орта және шағын бизнес өкілдері зардап шегуі мүмкін. Өздеріңіз білетіндей, шағын және орта кәсіпкерлік - ел экономикасының драйвері. Себебі жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп немесе ЖШС (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) ашып тіршілік етіп жүрген жастар қаншама. Яғни таяқтың екі ұшы барын ұмытпаған жөн. Жалпы мәселеден біздің де хабарымыз бар. Талапты қатаңдату керек», - дейді ол.

Айта кетсек, бүгін елордадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Конституциялық реформалардың жаңа Қазақстан үшін маңыздылығы» атты жиын өтті.

Аталған шарадға Сенат депутаты жастарға 5 маусымда өтетін референдумның мәні мен маңызын түсіндіріп берді.


Соңғы жаңалықтар