Қазақстанда студенттерге арналған «Ұлы дала жастары» жобасы іске қосылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жоғары оқу орындарында «Ұлы дала жастары» жобасы іске қосылды.

Оны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басқару офисінің менеджері Болат Атыбай ҚазҰТУ университетінде өткен дөңгелек үстел мәжілісінде таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәрбие және білім бағдарламасы» үш бағыттан тұрады. Сол үш бағыттың біреуі - саналы азамат. «Саналы азамат» бағытының шеңберінде «Ұлы дала жастары» жобасы әзірленді. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстардан жоғары оқу орындары шет қалған болатын. Сол ЖОО-ларды Рухани жаңғыру бағдарламасына қосу үшін осы жоба жасалды. Осы жобадан басқа 21 жоба бекітіліп барлық  өңірлерге жолданды.  Жобаның мақсаты - еліміз алға қойған міндеттерді жастардың бойына сіңіру», - деді Болат Атыбай.

Алматы қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» офисінің бас менджері Лаура Іргебаева «Ұлы дала жастары» жобасының идеясын Білім және ғылым министрлігі ұсынып отырғанын айтты.

«Негізі бастамашы - ҚР Білім және ғылым министрлігі. «Ұлы дала жастары» жобасы қазан айынан басталды. Жоба жастардың белсенділігін арттыруға, яғни, ғылым, бизнеспен айналысуына жағдай жасау. Оқу орнын бітірген жастардың жұмыспен қамтылу деңгейі төмен. Не үшін төмен? Осы мәселенің барлығы қамтылатын болады», - деді Лаура Іргебаева.

Жиында ЖОО ұстаздарына жоба бойынша өз оқу орындарына ыңғайлы болатын ұсыныс жасап, жұмыс бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. 

Айта кетер болсақ, ағымдағы жылдың 9-шы қазанында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында «Ұлы дала жастары» жобасын дайындау, сондай-ақ жобаны жүзеге асыруға арналған жиын Республикалық жобалық кеңсе мүшесі Болат Атыбайдың басшылығымен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да жиын өткен болатын. Аталмыш жиында «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы талқыланып, университеттер жауапты болатын бағдарлама Паспорттары жайында сөз қозғалған.

Жалпы, Елбасы мақаласында студенттерге толыққанды білім беруге жағдай жасау қажеттігі баса айтылған.

«Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гума­нитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет»,- делінген бағдарламалық мақалада.

Соңғы жаңалықтар