Қазақстанда стратегиялық экологиялық бақылау институты енгізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда стратегиялық экологиялық бақылау институты енгізіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Энергетика министрі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зұлфыһар Жолдасов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түбегейлі жаңа институттардың бірі стратегиялық экологиялық бағалау институтын енгізу болмақ. Ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, балық шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп, көлік, өңірлік даму, қалдықтарды басқару, су шаруашылығы, телекоммуникация, өңірлік даму, телекоммункация, туризм, жерді пайдалану сынды салалық жоспарлы бағдарламалар үшін стратегиялық экологиялық бағалау міндетті болады», - деді комитет төрағасының орынбасары елордада өтіп жатқан «Экологиялық заңнаманы реформалау - қазіргі ахуалы мен болашағы» тақырыбындағы пікірталас алаңында.

Оның айтуынша, елімізде түрлі салаларға қатысты мемлекеттік үлкен бағдарламалар қабылданып жатады. Алайда олардың әсер етуін бағалау жоба жүзеге асырылғаннан кейін ғана көрінеді.

«Стратегиялық бағалау институтын енгізгеннен кейін мемлекеттік бағдарламаны әзірлеген кезде оның экологиялық бағалауға қатысты стратегиялық құжаты қоса дайындалады. Бұл әлемдік тәжірибе және біз бұл институтты енгіземіз», - деді З.Жолдасов.

Айта кетейік, «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ ұйымдастырған шарада еліміздің жаңа Экологиялық кодексінің жобасы талқыланды.

Соңғы жаңалықтар