Қазақстанда спортзалмен қамтамасыз ету деңгейі қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Ақтөбе облыстарындағы мектептердің 20-25 пайызға жуығы спорт залдарсыз жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Парламент Сенатындағы Үкімет сағатында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дене шынықтырумен және спортпен белсенді айналысатындардың арасында мектеп оқушыларының үлесі басым. Мектеп жасындағы 1 млн 834 мың бала спорт залдармен қамтылған, бұл өз кезегінде оқушылардың жалпы санынан 63 пайызы», - деді Е. Рамазанов.

Білім және ғылым министрлігі мәліметінше, мектептердің көбісінде спортзалдар бар. Мемлекеттік жалпы білім беретін мектептердің спорттық залдармен қамтамасыз етілуі 84,5 пайыз (қалада - 96 пайыз, ауылда - 80,8 пайыз). Сонымен қатар, 6 203 мектепте спорт алаңы жасақталған.

«Осы орайда бір проблемаға назар аударғым келеді, ауылдық жерде әрбір бесінші мектепте спортзал жоқ. Спортзалдардың жалпы санында тек 62,7 пайызы стандартты жабдықпен қамтылған, ал 11 пайызы бейімделген ғимаратта орналасқан. Спорттық залдар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы, сондай-ақ Маңғыстау, Қызылорда, Павлодар және Атырау облыстарының барлық мектептерінде бар», - деді вице-министр.

Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сүйенсек, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында мектептердің 20-25 пайызы (негізінен ауылда) спортзалдармен қамтамасыз етілмеген.

Соңғы жаңалықтар