Қазақстанда спорт саласын дамытатын бірыңғай оператор құрылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда дене шынықтыру және спорт саласында демеушілік көмек көрсету бойынша саясатты жүзеге асыратын бірыңғай оператор құру жоспарлануда. Бұл туралы Парламент Сенатындағы Үкімет сағатында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасындағы маңызды жаңашылдық бірыңғай операторды құруға қатысты. Бұл өз кезегінде дене шынықтыру мен спорт саласында демеушілік көмек көрсету бойынша саясатты іске асырады. Сонымен қатар, заң жобасы аясында Ұлттық паралимпиадалық комитетіне мемлекеттік тапсырысқа қатысу құқығын беру ұсынылған», - деді Елдос Рамазанов.

Мұнымен қоса, заң жобасы «Ұлттық сурдлимпиадалық қозғалыс» атты жаңа баппен толықтырылған. Осы арқылы Ұлттық сурдлимпиадалық комитет мәртебесі мен өкілеттігін күшейту ескеріліп отыр.

«Оның негізгі мақсаты - сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында дене шынықтыру мен спортты дамытуға жәрдемдесу. Аталған заң жобасын қабылдау бұқаралық спортты ары қарай дамытуға заңды негіз құруға мүмкіндік береді, сондай-ақ дене шынықтыру және спортпен айналысатын ел тұрғындарын қамтуды жетілдіреді», - деді Е. Рамазанов.

Соңғы жаңалықтар