Қазақстанда сот сарапшыларының қызметі бір органға шоғырландырылатын болады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда сот сарапшыларының қызметі бір органға шоғырландырылатын болады. Бұл жайлы бүгін Алматыда өткен аймақтық семинар барысында ҚР Әділет министрі Берік Имашев айтты.

«Қазақстандағы сот жүйесін жетілдірудегі маңызды қадам ретінде сот сарапшыларының бір органға шоғырландырылатынын атап өтуге болады. 2014 жылы бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің құзырында болып келген сот медициналық сараптама қызметі, 2015 жылы - сот наркологиялық сараптама қызметі, 2017 жылы сот-психиатрлық сараптама қызметі ҚР Әділет министрлігінің құзырына көшеді», - деді министр Берік Имашев.

Аймақтық семинар Еуроодақтың бастамасымен бекітілген «Орталық Азиядағы құқықтың ұлықтығының тұғыры» жобасы аясында өткізілгенін атап өту керек.

«Бұл жиын Астанада басталған талқылау алаңының жалғасы болары сөзсіз. Мұндай талқылаулар Орталық Азия мемлекеттеріне Еуропа елдерінің озық тәжірибесін үйренуге септігін тигізеді. «Қазақстан 2050» стратегиясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев құқықтық жүйені жаңғыртудың негізгі бағыттарын көрсетті. Сот сараптама қызметін одан әрі жетілдіру мәселесі 2014-2020 жылдарға арналған сот-құқықтық жүйесін жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасына кіреді», - деді Имашев.

Министрдің айтуынша, қазір аталған бағытта ҚР Үкіметінің қаулысы бойынша бірнеше шара жоспарланған. Атап айтқанда, Сот сараптама орталығында ҚР сот сараптама қызметі туралы заң жобасы әзірленуде.

Қазір жаңа заң жобасына енетін өзгерістерге байланысты әлемнің озық тәжірибесін зерттеу шаралары жалғасуда. Қазақстан сарапшыларының қорытындысының әлемдік деңгейде мойындалуы үшін аккредитациялаудың халықаралық стандарттарын енгізу жоспарланып отыр.

«Қазақстан құқықтық жүйесін реформалауға талпынып отырған Орталық Азиядағы жалғыз ел. Менің ойымша, оның жүріп өткен жолы көршілес елдерге үлгі болады. Мен бұл салада жұмыс істеп келе жатқаныма 15 жыл болды. Әкімшілік проблемалар, жемқорлық мәселесі, судьялардың істі ұзақ қарауы сияқты проблемалар Еуропада да бар. Бастысы, мәселені шешуге талпыну. Қазақстан үлкен қадам жасады», - деді «Орталық Азиядағы құқықтың ұлықтығының тұғыры» жобасының жетекшісі Ксавье Барре.

ЕО-ның бастамасымен дүниеге келген жоба Орталық Азиядағы елдердің әрқайсысындағы құқықтық реформалардың жүзеге асуын қамтамасыз етпек. Жобаны қаржыландыруға ЕО 1,8 млн еуро бөліп отыр.

«Бүгін семинарда айтылған ұсыныстар ҚР Сот жүйесін жаңғыртуда және Сот сарапшыларының қызметі туралы заңнамада ескерілетін болады. Қазақстанның сот жүйесі қарқынды дамып бара жатқан халықаралық құқықтық қоғаммен біте қайнасуы керек», - деді министр Б.Имашев.

Соңғы жаңалықтар