Қазақстанда сот қызметкерлерінің штаттық саны артуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда сот қызметкерлерінің штаттық саны артуы мүмкін. Бұл туралы елордада Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасындағы жаңашылдықтарды түсіндіру кезінде мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасына енгізілген негізгі ұстаным – ол соттың белсенді рөлі. Яғни сот ұсынылған материалдармен шектелмейді, өз еркімен барлық қажетті дәлелдерді талап етеді, тарапқа өзінің процессуалдық құқықтарын іске асыруға көмектеседі, қандай да бір қателіктерді жоюға жәрдемдеседі», - деп тоқталды ҚР Жоғарғы соты мамандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар ол аталған кодекс жобасында ескерілген принципте әкімшілік орган өзінің шешімінің заңдылығын дәлелдеуі тиіс болады. Осы орайда істерді егжей-тегжейлі қарау үшін барлық мүмкіндіктер жасауға екпін қойылады.

Өз кезегінде Әділет министрі Марат Бекетаев та сот белсенділігі күшейетінін атап өтті.

«Бүгінде билік органдары дауларды азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарастырады. Жаңа кодексте дауларды қарау үшін сот ісін жүргізудің әкімшілікті түрін енгізу ұсынылып отыр. Оның ерекшелігі – дәлелдемелерді жинау процесінде сот белсенділігі күшейеді. Белсенді рөл принципін басшылыққа ала отырып, енді сот дәлелдерді дербес жинап, даудың мән-жайын зерттейді, іс бойынша алдын ала пікір айтады, талап-арыз берудің салдарын түсіндіреді», - деді ведомство басшысы.

Осы орайда М. Бекетаев «судьялардың белсендігін арттыру бағытындағы жұмыстар соттардың жүктемесін қаншалықты арттырады?» деген сауалға жауап берді.

«Соттардың жүктемесі артуы мүмкін деген тәуекел бар, рәсімдердің жеңілдетілетінін ескере отырып, сондай-ақ судьялардың белсенді рөлімен өздерінің көмектерін беретінін назарға алсақ, талап-арыздар саны артуы мүмкін. Осы тектес реформалар жүргізген көп елдерде осындай жағдай орын алған болатын. Ол үшін сотқа дейінгі міндетті рәсімдер ескеріліп отыр. Сотқа жүгінер алдында мемлекеттік органға барып, белгіленген тәртіпте келіспейтін мәселелерді мәлімдеу керек. 15 күннен кейін сотқа баруға болады. Бұл өз кезегінде меморган өзінің қателіктерін түзету үшін жасалуда. Мұндай тетіктер соттардың жүктемесінің күрт артпауына ықпал етеді. Екіншіден, сот жүйесі де дайындық жасауда, қазіргі кезде тиісті есептеулер жүргізілуде. Менің ойымша, осы санаттаға істер бойынша аталған бағытта жұмыс істейтін судьялар және әкімшілік мемқызметшілер штаты артады», - деді Марат Бекетаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасын ҚР Әділет министрлігі Жоғарғы сотпен бірлесіп әзірледі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Парламент Мәжілісінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасының таныстырылымы өтті.

Белгілі болғандай, талап-арызды қабылдау және қарау рәсімі жеңілдетілмек. Мұнымен қоса судьяның жаңа рөлі шенеуніктерді тәртіпке салады деп күтілуде.

Кодекс жобасында істерді қараудың ақылға қонымды мерзімдері белгіленуде.

Соңғы жаңалықтар