Қазақстанда соңғы үш жылда кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудың 976 фактісі анықталған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда соңғы үш жылда кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудың 976 фактісі анықталған. Бұл туралы Астанада өткен «Заңның үстемдігі - Қазақстан экономикасының тұрақты дамуының кепілі» форумында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атамекен»  ҰКП V Съезіне орайластырылған бизнес-апталық аясында өткізілген форумда «Атамекен» ҰКП мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірлескен жұмысы талқыланды.

Талқылау барысында екіжақты бірлескен жұмыстың нәтижесі, елімізде бизнес-ахуалды жақсартуға мүмкіндік бергені айтылды.

«Тек 2017 жылы бірлескен жұмыстың арқасында бизнес үшін аса маңызды 16 салада жемқорлық тәуекелдері бойынша маңызды талдау жүргізіліп, 800-ден астам ұсыныс әзірленді. Оның орындалуы екі кодекс, алты заң және басқа да нормативті-құқықтық актілерде көрініс тапты. Бұл кәсіпкерлікке қысым көрсетуді азайтуға мүмкіндік берді», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов.

Агенттіктің ақпаратынша, соңғы үш жылда кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуының 976 фактісі анықталып, бұл әрекеті үшін 389 лауазымды тұлға сотталған. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде 500-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалған.

Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамытуда сыбайлас жемқорлық пен әкімшілік кедергілер проблемаларына да назар аударылды.

Қазіргі таңда кәсіпкерлік қызметті жүргізудің қолайлы шарттарын құру және инвесторлар мен кәсіпкерлердің мемлекеттік билік органдарына сенімділігін арттыру мақсатында агенттік Инвестициялар және даму министрлігі және Сыртқы істер министрлігімен Protecting Business and Investments атты жобаны іске асыруды бастады. 

Соңғы жаңалықтар