Қазақстанда соңғы үш жылда 22,1 млрд теңгеге ветеринариялық препараттар сатып алынды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы үш жылда 22,1 млрд теңгеге ветеринариялық препараттар сатып алынды, оның 44,7 пайызы отандық өнімге тиесілі. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Ерлан Барлыбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ветеринарлық инспекцияның қызметін сапалы жаңа деңгейге көтеру керек. Бір жағынан оның эпизоотиялық жағдайға, заң талаптарының орындалу жағдайына жауапкершілігін арттыру, екінші жағынан оны қажетті материалдық – техникалық ресурстармен және арнайы көлік құралдарымен жабдықтау қажет. Қазіргі уақытта Қазақстанда 2010-2012 жылдары пайдалануға берілген құны 14,6 млрд теңгені құрайтын 114 ветеринариялық зертханалр жұмыс істейді. Олардың жұмысына ерекше назар аударып, мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет», - деді Е. Барлыбаев.

Оның айтуынша, мал ауруларының алдын алу, диагностикалау және емдеудің заманауи әдістеріне белсенді түрде көшу керек. Соған сәйкес ветеринария жүйесін қажетті нормативтік және материалдық-техникалық базалармен жабдықтау қажет. Сонымен қатар, отандық ветеринарияда қолданылатын вакциналар мен препараттардың сапасын ерекше бақылауға алған жөн.

«Тек соңғы 3 жылдың ішінде Қазақстан Республикасы Ресей Федерациясынан 7,8 млрд теңгеге аусылға қарсы вакциналардың 110,5 млн дозасын сатып алды, бұл барлық сатып алынған вакциналардың 35% пайызын құрайды. Ірі қара малдың нодулярлық дерматитіне қарсы вакцинаның құны 2019 жылмен салыстырғанда 43,5% пайызға артып, 9 млн доза 2,1 млрд теңгені құрады. Жалпы, соңғы үш жылда 22,1 млрд теңгеге ветеринариялық препараттар сатып алынды, оның 44,7 пайызы отандық өнімге тиесілі. Осыған байланысты, отандық ветеринариялық препараттардың сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін қазақстандық ветеринариялық препараттарды өндірушілермен, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс арқылы ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауды басым түрде жүзеге асыру ұсынылады», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар