Қазақстанда соңғы он жылда көші-қонның оң сальдосы 97 мың адамды құрап отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда соңғы он жылда көші-қонның оң сальдосы 97 мың адамды құрап отыр. Бүгін Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында ҚР Статистика агенттігі төрағасының орынбасары Айдын Ашуев осылай мәлім етті.

Отырыста еліміздегі ішкі және сыртқы көші-қон проблемалары талқыланған болатын.

«Соңғы 10 жылда елімізде көші-қонның оң сальдосы қалыптасты. Соның ішінде ең жоғары көрсеткіш 2006 жылға тиесілі - бұл жылы елімізге келушілер көрсеткіші 33 мың адамға жетті. Дегенмен, соңғы 2012-2013 жылы көрсеткіштің азғантай теріс сальдосы орын алды. Жалпы, 2004-2013 жылдары Қазақстанға 483,6 мың адам келіп, елімізден кеткендер саны 386,6 адам кетті. Осылайша, соңғы он жылда көші-қонның оң сальдосы 97 мың адамды құрап отыр», - деді А. Ашуев.

Оның айтуынша, Қазақстандағы көші-қон алмасуы негізінен ТМД елдерімен арада орын алуда. Мәселен, соңғы 10 жылда ТМД елдерінен Қазақстанға келгендер және осы ТМД елдеріне кеткендер санының үлесі 82,6 және 89,4 пайызды құраған. Соның ішінде елге келген мигранттардың 43,3 пайызын бұрынғы Ресей азаматтарын құраса, 41,1 пайызы Өзбекстаннан келді. Қалған Украина, Қырғызстан мен Беларусьтан келгендер 10 пайыздан асады.

«2004-2013 жылдар аралығында әлем елдерінен елімізге келген оралмандардың 47,3 пайызы Қытайдың үлесіне тисе, 26,2 пайызы Моңғолиядан, 5,1 Германиядан, 3,5 пайызы Түркиядан, 2,3 пайызы Грузиядан келіп отыр. Ал елімізден басқа елдерге кеткендердің 85,1 пайызы Германияға барса, 4,6 пайызы АҚШ-қа, 4,1 пайызы Канадаға, 2,5 пайызы Израильге қоныс аударған», - деді А. Ашуев.

Соңғы жаңалықтар