Қазақстанда соңғы қоңырау қай күні соғылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу жылын қай кезде аяқтау туралы шешім жақын арада жарияланатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сарапшылар талқылауды аяқтады. Түрлі пікірлер болды, яғни кейбірі оқу жылы 34 аптаға созылуы керек десе, қалғандары 36 апта тиімді екенін айтып жатыр. Мен үшін әр пікір өте маңызды. Мен барлығын тыңғылықты тыңдадым. Біз тиісті шешім қабылдауға жақынбыз, оны жақын арада естисіздер. Министрлік барлық ұсынысты ескерді. Сарапшылар айтқан әр пікірді тыңдап, оларды зерделеу маңызды екенін білеміз. Сондықтан таяуда нақты шешімді жариялаймыз», - деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Айта кетейік, биыл шілде айында елімізде оқу жылын ұзартудың нәтижелілігі мен тиімділігіне мониторинг жүргізіліп жатқаны хабарланған еді.

Былтыр тамыз айында Оқу-ағарту министрлігі орта мектептерде оқу жылын 2 аптаға ұзарту туралы шешімін бекітті.

Жаңа оқу жылының ұзақтығы бірінші сынып оқушылары үшін - 35 оқу аптасын, 2-11 сыныптар үшін 36 оқу аптасын құрайтындығы жарияланды

Биыл мамыр айында Ғани Бейсембаев соңғы қоңырауды 25 мамырға қайта ауыстыру жөнінде сұрақтарға жауап берді.


Соңғы жаңалықтар