Қазақстанда соңғы екі жылда 7 лаңкестік әрекеттің жолы кесілді

None
None
АСТАНА. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - 2008-2009 жылдары Қазақстанда 7 лаңкестік әрекеттің жолы кесілді.

 Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына орай, депутат сауалына жауап берген Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Әділ Шаяхметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жобаны талқылау барысында депутат Владимир Нехорошев ҰҚК өкілінен лаңкестікке қатысты Қазақстандағы жағдай бойынша нақты фактілерді келтіре отырып, мәлімет беруді сұраған. «Расында да, елімізде лаңкестік әрекеттерге қатысты нақты фактілер орын алып, оларды болдырмау, алдын алу жұмыстары сәтті жүргізілген болатын. Соңғы екі жыл ішінде бұндай 7 факті тіркелді. Атап айтқанда, өткен 2008 жылы 4, ағымдағы жылы 3 лаңкестік әрекеттің жолы кесілді», деді Ә. Шаяхметов.

Сонымен бірге, ҰҚК Терроризмге қарсы орталық өкілдерінің ақпараты бойынша, ағымдағы жылы Қазақстанның 24 азаматы лаңкестік-экстремистік әрекетке қатыстылығы бойынша сотталған. Ал өткен жылы осындай пиғыл бойынша айыпталған 22 адам бас бостандығынан айырылған екен. Сондай-ақ  Астана қалалық сотының үкімімен Қазақстанда 14 ұйым лаңкестік бағытта деп танылып, олардың жұмысына тыйым салынған.

Соңғы жаңалықтар