Қазақстанда соңғы екі айда 776 бала қызылша жұқтырған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 968 адам қызылша ауруын жұқтырған, оның 80 пайызы - балалар, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ағымдағы жылы Еуропалық аймақ елдерінде қызылшамен сырқаттану жағдайының асқынуы тіркелді, онда 2018 жылдың 1 қарашасына 70 мыңнан астам қызылша тіркелген. Оның ішінде Украинада (38 мыңнан астам жағдай), Сербияда (5 мыңға жуық жағдай), Францияда (2771), Италия (2599), Ресей (2327), Грузия (1471), Қырғызстан (448) және басқалары. Бұл ретте, қызылшадан 68 өлім жағдайы тіркелді. Еуропада қызылшамен сырқаттанудың өсуін ДДҰ қызылшаға қарсы вакцинацияның аз қамтылуымен байланыстырады.

Еуропа өңірінде, оның ішінде Қазақстан Республикасымен шекаралас елдерде қызылша ауруының тіркелуі Қазақстанға инфекцияның әкелінуіне және қоздырғыштың циркуляциясының өсуіне алып келді. 90-шы жылдары вакцинациялауды өткізіп алған, егілмеген адамдардың, оның ішінде болашақ аналардың болуы - халық арасында қызылшаның өршуіне алып келді.

Қазақстанда 2018 жылғы қарашадан бастап 968 қызылшаның расталған жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында - 776 (80,2%). Сырқаттану көбінесе егілмеген балалар арасында тіркеледі - 649 жағдай (67%), оның басым бөлігі (61%-дан астамы) егу жасына жетпеу себебінен егілмеген, вакцинациядан бас тартуға байланысты егілмегендер арасында 70 жағдай (11%).

Қазіргі уақытта қызылшаның жоғары тіркелуі Астана қаласында - 771 жағдай, Алматы қаласында - 52 жағдай, Ақмола облысында - 37 жағдай байқалады; басқа облыстарда аурудың бірлі-жарым жағдайлары тіркелген. Қазақстан Республикасында қызылшамен сырқаттанудың көпжылдық орташа деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 3,03 құрады, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы сырқаттану деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда - 2,81 құрады, бұл шекті деңгейден төмен. Инфекция ошақтарында қызылшаға қарсы егілмеген балаларды анықтауға және вакцинациялауға бағытталған эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылды. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 30 жасқа дейінгі егілмеген және қызылшаға қарсы егілгендігі туралы деректер жоқ 1878 адам егілді.


Қызылша - дене қызуының жоғарылауы, жөтел, мұрын бітуі, тамақтың ауыруы және бөртпемен сипатталатын вирустық табиғатты жіті жұқпалы ауру.

Қызылшаның симптомдары:

Алғашқы белгілері: жалпы әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, мұрын бітуі, тамақтың ауыруы, жарықтан қорқу, көздің қызаруы, жас ағу (конъюнктивит), жөтел;

Негізгі белгілері: бастан бастап, одан кейін дененің төменгі бөлігіне және аяққа дейін түсіп, таралатын, бүкіл денеге бөртпе шығу; ақ (ұнтақ жарманың жиналуы сияқты) және ауыз қуысындағы қызыл дақтар.

Қызылша пневмония (өкпенің қабынуы), бронхит, энцефалит (ми қабығының қабынуы) сияқты асқынулармен қауіпті, олар медициналық көмекке кеш жүгінгенде және ауыр қосымша аурулар болған жағдайда өлімге әкелуі мүмкін.

Қызылшаны емдеудің тиімді және ерекше әдісі жоқ.

Қызылшадан жалғыз тиімді қорғау вакцинация болып табылады. Қазақстанда қызылшаға қарсы егу екі рет жүргізіледі: біріншісі 1 жаста және екіншісі 6 жаста. Қызылшаға қарсы вакцинациялау үшін қызамық және паротитті компоненттермен біріктірілген (ҚҚП) қауіпсіз және тиімді вакцина қолданылады. Елімізде ҚҚП-ның жеткілікті көлемі бар.

Ұсыныстар:

- ата-аналарға өз баласының қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеру, вакцинация болмаған жағдайда - қызылшаға қарсы профилактикалық егуді алу;

- қызылшаға қарсы әр түрлі себептермен егілмеген балалардың ата-аналарына әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуды, сауда-ойын-сауық орталықтарындағы ойын алаңдарына баруды шектеу;

- катаралды құбылыстармен (дене қызуының жоғарылауы, бас ауруы, әлсіздік) аурудың алғашқы белгілері және бөртпе пайда болған кезде дәрігерге қаралу, қызылша ауруына тексеруден өту және оның барлық нұсқауларын орындау.

Ауруды емдеуден гөрі алдын алу әрқашан оңай.

Соңғы жаңалықтар