Қазақстанда Солтүстік инвестициялық банктің өкілдігі ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік инвестициялық банк арасындағы Солтүстік инвестициялық банктің Қазақстандағы қызметін реттейтін негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған құжатқа 2018 жылғы 16 қазанда Хельсинки қаласында қол қойылған болатын. Келісім Қазақстан Республикасындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін Солтүстік инвестициялық банктің қызметін ашуға мүмкіндік береді.

«Солтүстік инвестициялық банк қаржыландыруының негізгі бағыттары энергетика, «жасыл экономика», телекоммуникация, көлік, өнеркәсіптің түрлі салалары, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау сияқты секторлар әрі шағын және орта бизнес болып табылады. Келісімде Қазақстанның заңнамалық актілерінде көзделмеген нормалар, атап айтқанда валютаның айырбасталуы және қаражат аудару, тендерлер өткізу, сондай-ақ Солтүстік инвестициялық банктің активтері мен кірістерін салық салудан босату жөніндегі нормалар белгіленеді. Бұл халықаралық ұйымдардың стандартты шарттары. Келісім мүшелік жарналар және бюджеттен басқа да төлемдерді талап етпейді», - деді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Осы орайда ол келісімді ратификациялау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкеп соқтырмайтынын атап өтті.

Айта кетейік, Солтүстік инвестициялық банк 1975 жылы құрылды және Скандинавия мен Балтық елдері мүше болып табылатын көпжақты даму банкі. Штаб-пәтері Хельсинки қаласында орналасқан. Солтүстік инвестициялық банктің жарғылық капиталы 6 млрд 142 млн еуроны құрайды, ол мүше елдердің төлемдерінен қалыптасады (Дания, Эстония, Финляндия, Исландия, Латвия, Литва, Норвегия, Швеция).

Солтүстік инвестициялық банктің жалпы кредиттік портфелі 2018 жылы 19,1 млрд еуроны құрады. Қарыздар 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Банктің стратегиясына сәйкес кредиттік портфельдің шамамен 20% оның мүшелері болып табылмайтын елдерге беріледі.




Соңғы жаңалықтар