Қазақстанда словакиялық кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалған - Петер Пеллегрини

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан-Словакия бизнес-форумында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев екі елдің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін барынша қолдау жасалатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Словакия Орталық Еуропадағы Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі болып отыр. Бізді байланыстыратын ортақ басымдықтар көп. Осы орайда экономиканың индустриалдық-аграрлық бағыты, дамыған адами капитал, тиімді географиялық орналасу секілді ұқсастықтар бар. Биыл біз екі елдің арасында дипломатиялық қатынастарды орнатудың 25 жылдығын атап өтудеміз. Қазақстан мен Словакия арасындағы достық пен серіктестіктің осы мерзімінде сенімді саяси диалог қалыптасып, сауда-экономикалық әрі мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалды», - деді Б. Сағынтаев.null 

Бұл тұрғыда Үкімет басшысы сауда-экономикалық саладағы байланыстарда жақсы қарқын байқалып жатқандығын айта келе, бүгінде Қазақстанда словакиялық капиталдың қатысуымен 60-тан астам кәсіпорын тіркелгенін жеткізді.

«Біз алдағы уақытта да сауда-экономикалық әрі инвестициялық қатынастарды кеңейтуге мүдделіміз. Ол үшін бізде барлық жағдайлар жасалған. Бүгінде Қазақстан тиімді бизнес жүргізуде жаңа мүмкіндіктер мен ауқымды әлеуеттің мемлекетіне айналды. Біздің ЕАЭО мүшесі екенімізді білесіздер, бұл ретте 180 миллион адамды қамтып тұрған үлкен нарық бар», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар ол бірлескен жұмыстарды жүргізуге қос тараптың да іскер топтары қызығушылық танытып отырғандығын атап өтті.

Өз кезегінде Словакия Премьер-Министрі Петер Пеллегрини екі ел арасындағы өзара экономикалық қатынастарды дамытуға мүдделі екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ ол словакиялық кәсіпкерлерге Қазақстанда қолайлы жағдайлар жасалғанын да растады.

«Біз экономикалық байланыстарды талқылаған кезде, Қазақстан Словакия үшін Орталық Азия өңірінде басымдыққа ие екенін атап өткен жөн. Ынтымақтастықты нығайтуда жаңаратын энергетика, автомобиль өнеркәсібі, машина жасау, суды тазарту технологиясы, азық-түлік өнімдерін өндіру секілді салалардың әлеуеті жоғары», - деді П. Пеллегрини.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, Қазақстан мен Словакия арасындағы сыртқы сауда айналымы 2018 жылдың 8 айында 13,9 пайызға өсіп, 33,5 млн АҚШ долларына жетті.

null  

Соңғы жаңалықтар