Қазақстанда шығарылған 866 жасанды тыныс алу аппараты өңірлерге жеткізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық компаниялар шығарған 866 жасанды тыныс алу аппараты еліміздің қалаларына жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Индустрия және ифрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, бүгінгі таңда ел өңірлеріне 866 (58%) жасанды тыныс алу аппараты жеткізілді. Сондай-ақ, 494 данасы (33 %) тиісті жерлеріне жіберіліп, 140 аппарат (9 %) дайын тұр.

Аппараттардың барлығын биылғы 15 қазанға дейін жеткізіп, оларды іске қосу жоспарланған.

Қазақстанда мемлекеттің қатысуымен «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС (Нұр-Сұлтан қаласы) және «Тыныс» АҚ (Көкшетау қаласы) кәсіпорындары жасанды тыныс алу аппараттарын шығарады.

Бұл кәсіпорындар - «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының еншілес ұйымдары.

Коронавирус пандемиясына байланысты елде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға орай жасанды тыныс алу аппараттарының жетіспеушілігін ескеріп, «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС қысқа уақыт ішінде өкпені жасанды желдететін стационарлық аппараттар өндірісін игерді.

Ал «Тыныс» АҚ «Көкшетау-4П» өкпені желдететін 680 мобильді аппарат шығарып, медициналық мекемелерге жеткізді.

Медицина мамандарының пікірінше, бұл аппараттар қолдануға ыңғайлы, сенімді және электр қуатына тәуелді емес.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты айына 500 аппарат шығаруға жетеді.

Одан бөлек, «Тыныс» АҚ «Көкшетау 3» жасанды тыныс алу портативті аппараттарын, сондай-ақ медициналық бұйымдардың түрлі номенклатурасын, оның ішінде көп реттік бетперделерді, мүгедектерге арналған арбаларды және т.б. шығарады.

«Бұл кәсіпорындардың негізгі қызметі Қазақстан Республикасының және өзге де елдердің Қарулы Күштерінің қажеттіліктері үшін жоғары технологиялық өнімдер шығаруға бағытталған. Ал жасанды тыныс алу аппараты өндірісі медициналық мекемелердің қажеттіліктері үшін мемлекеттік тапсырыс аясында жолға қойылды. Кәсіпорындар қосымша қажеттілік туындаған жағдайда медициналық техника мен кез келген өнімді қажет мөлшерде өндіріп, жеткізе алады» - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар