Қазақстанда шығармашылық фестивалінің жеңімпаздары туралы фильм түсірілуде
2020 жылғы 5 қараша 16:46

Қазақстанда шығармашылық фестивалінің жеңімпаздары туралы фильм түсірілуде

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде «Туған жер» патриоттық шығармашылық фестивалінің жеңімпаздары туралы шағын фильм түсіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл алғаш рет «Туған жер» атты патриоттық шығармашылық фестивалі ұйымдастырылды. Фестиваль басты 3 бағытта - «Орындаушылық шығармашылық» (вокал, аспапта ойнау, хореография), «Көркем өнер» (бейнелеу өнері, бейнеконтент, фотосурет, сән), «Сөз өнері» (мәнерлеп оқу, өлең жаттау) өтті. Өнер байқауында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 14 пен 29 жас аралығындағы жас таланттар бақ сынады. Фестиваль нәтижесінде әр бағыт және ішінара сала бойынша 10 жеңімпаз анықталды. Бүгінде сол жеңімпаздар туралы шағын танымдық фильм түсірілуде. Мақсат - жас өнерпаздардың шығармашылығы арқылы ұлттық патриотизмді дәріптеу.

«Менің сән әлеміне келуіме тікелей әжем себепші. Кішкентайымнан әжемнің қасында жүріп жүн үйіруге, кесте тігуге қызығып, үйрене бастадым. Өсе келе киім тігу, оның ішінде сәнді киім жасауды негізгі кәсібім ретінде таңдадым. «Туған жер« фестиваліне өзімнің авторлық сәнді киімдер топтамамды ұсындым. Топтамада ерлер мен әйелдерге арналған 7 киім түрі бар. Олардың барлығы күнделікті киюге арналған және ерекшелігі, ұлттық оюмен көркемделген. Байқау нәтижесінде менің ұлттық нақыштағы сәнді киімдер топтамам үздік деп танылып, 1 орынды иелендім. Өте қуаныштымын, алдағы уақытта өз шығармашылығымды одан әрі дамытып, отандық және әлемдік деңгейдегі сән әлемін бағындырғым келеді», - деді аталған фестивальдің «Көркем өнер» аталымы бойынша жеңімпазы атанған елордалық Гүлжиян Қадыр фильмнің түсірілімі барысында.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, барлық жеңімпаздар туралы шағын фильм 15 қарашаға дейін түсіріліп, кейін көпшілік назарына ұсынылатын болады.

Айта кетейік, «Туған жер» патриоттық шығармашылық фестивалі және оның жеңімпаздары туралы фильмді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау» орталығының ұйытқы болуымен Ұлттық Дельфий комитеті түсіріп жатыр.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT