Қазақстанда шілде айынан бастап карантин қайта күшейтілді – Қандай шектеулер енгізілуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елдегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы қайтадан қызыл және сары түске боялды. Бүгінгі жағдай бойынша 9 өңір «қызыл» аймаққа, 6 өңір «сары» аймаққа енген. Ал инкубациялық кезеңі бес-ақ күн болатын дельта шматы барлық өңірлерде тіркеліп отыр. Жағдайдың бұлайша ушығуы шектеу шараларын күшейтетіні айтпаса да түсінікті. ҚазАқпарат еліміздегі карантиндік шектеу шараларына шолуды жариялайды.

Қазір «қызыл» аймақта: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстары тұр. «Сары» аймаққа: Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары. «Жасыл» аймақта: Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары кірді. Яғни, бір күнде бірден үш өңір «сары» аймаққа енген. Оның үстіне коронавирусты жұқтырудың тәуліктік көрсеткіші бір апта қатарынан өсіп күніне 3 мың адамнан асты.

Өткен аптаның аяғында Денсаулық сақтау министрлігі ендігі дельта штамм елдің барық өңірлеріне тарап үлгерді деген болжам айтқан болатын.

1 шілдеде Дельта штамды анықтау үшін 414 сынаманың ПТР скринингі өткізіліп, вирус мутациясының барлық облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына жеткені анықталған. Мамандардың бұл болжамы түпкілікті расталуы үшін үлгілердің ДНҚ мәліметтері толық геномдық реттелгеннен кейін белгілі болады.

2 шілде күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысы өтті.

Эпидахуалдың ушығуына байланысты вице-премьер облыс әкімдіктеріне «сары» аймақта орналасқан өңірлерде күшейтілген шектеу шараларын қабылдауды тапсырды.

Жағдайды одан әрі ушықтырмау үшін өңірлер карантиндік шектеулерді бірінен кейін бірі күшейтіп жатыр.

Мысалы, Ақмола облысында карантин 3 шілдеден бастап күшейтілді.

«Көпшілік іс-шаралар (мерекелік, көпшілік спорт, ойын-сауық мәдени-көпшілік іс-шараларды, форум, конференция және т.б. өткізуге), отбасылық іс-шаралар (банкет, үйлену тойы, мерейтой, мерекелік корпоратив, дұға) және көпшілік жиналатын өзге де іс-шараларды, оның ішінде үйде өткізуге тыйым салынады. Ойын-сауық мекемелері (түнгі, ойын клубтар және басқа да), букмекер кеңселерінің және ересектер мен балаларға арналған өзге де ойын-сауық, кальян орындарының (оның ішінде қоғамдық тамақтану объектілеріндегі) қызметіне тыйым салынады. Мерекелік корпоративтерді ұйымдастыру мен өткізуге, көрме өткізуге, (ашық ауада) марафон өткізуге, «Ashyq» жобасына қатысатын банкет залдарында 30 адамнан асырмай, ас беруді қоспағанда, ас беруге тыйым салынады», - делінген өңірдің бас санитар дәрігерінің қаулысында.

Маңғыстау облысында да 3 маусымда карантин қатаңдатылды.

Мейрамхана, дәмханалар таңертеңгі сағат 9:00-ден кешкі 20:00-ге дейін, асхана типтес қоғамдық тамақтану орындары 24:00-ге дейін жұмыс істейді. Сауна, СПА-орталықтар мен бассейндер сенбі, жексенбі күндері жұмысын тоқтатты.

Ел астанасында күшейтілген шектеулер 1 шілдеден бері күшінде. Айдың басында іркес-тіркес келген мейрамға арналған шаралардың онлай форматта өтіп жатауы карантиндік шектеулердің қаншалықты қатаң екенін көрсетеді.

Шымкентте 2 шілдеде күшіне енген қаулы талаптары бойынша тұрғындар мен қонақтарға адамдар көп жиналатын туған күн, мерейтой, құдалық, той, беташар және басқа кез келген іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. Сондай-ақ, 65 жастан асқан адамдардың қалада жүруі шектеліп, маска режимін сақтау міндеттелді. Құжат бойынша әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмысы нақты өлшемдер негізінде реттелуде.

Солтүстік Қазақстанда бүгіннен бастап шектеулер мектепке дейінгі мекемелерді қамтиды. Балабақшаларда бала санын 25-тен асырмай кезекші топтар жұмыс істемек.

4 шілдеден бер Атырау облысында да бірқатар нысан шектеумен жұмыс істеп жатыр.

«Сауда үйлері мен сауда-ойын сауық орталықтарына (павильондар, бутиктер), сауда желілеріне сағат 10.00-ден 19.00-ге дейін (толтырылуы объект сыйымдылығының 30% - нан асырмай, 1 келушіге 4 шаршы метрден кем емес) тек қана жұмыс күндері жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Бұл ретте оларда орналасқан аттракциондардың, ойын алаңдарының, ойын орталықтарының, қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмысына тыйым салынады. « -делінген қаулыда. Сондай-ақ, сұлулық салондары, шаштараздар, косметологиялық қызмет көрсететін нысандардың жұмыс күндері сағат 09.00-ден 19.00-ге дейін, спорт кешендері, фитнес-орталықтар, фитнес-клубтар, йога орталықтары, спорттық-сауықтыру нысандары (оларда орналастырылған бассейндер, сауналар, СПА, массаж, пилинг), сауналар, СПА-орталықтар, бассейндер жұмыс күндері сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал, «Аshyq» жобасына қатысатын нысандардың жұмыс режимі сағат 07:00-ден 24:00-ге дейін созылады.

Алматы облысында шектеу 7 шілдеден бастап күшейтілетін болды.

Мұнда да ойын-сауық, бұқаралық мерекелік іс-шараларды, көрмелерді, конференцияларды, форумдарды, корпоративтерді, отбасылық іс-шараларды (еске алу, банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, ауызашар), оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынбақ.

Букмекерлік кеңселерінің қызметіне тыйым салынады.

«Қоғамдық көліктерде, таксилерде, әуежайларда, ауладағы балалар алаңдарына, азық-түлік және азық-түлік емес базарлар мен басқа да қоғамдық орындарда санитариялық және дезинфекциялық өңдеуді жүргізу, қоғамдық көлік аялдамаларына күніне кемінде екі рет, қоғамдық көлікке әрбір рейс алдында жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып өңдеуді жүргізу мендеттелді»,- бас санитар дәріердің қаулысында.

Қызылорда облысында 3 шілдеден бері вакцина алмаған жұмыскерлерге оффлайн режимде жұмыс істеуге тыйым салынған. Болмаса жеті күнде бір рет міндетті түрде ПТР тестілеуден өту керек.

Алматы қаласы бас санитар дәрігерінің айтуы бойынша коронавирус жұқтырғандардың ішінде дельта-штамның үлесі 78 пайызға жеткен.

Осының салдарынан мұнда да 28 маусымнан бері қоғамдық тамақтану нысандары «қызыл» аймақ талаптары бойынша жұмыс істеуі тиіс.

Моншалар барлық күні жұмыс істейді. Ал сауналар, спа-орталықтар, бассейндер тек жұмыс күндері істейді.

Кинотеатрлар мен театрларға Ashyq жүйесімен толымдығы 30 пайыздан артық болмаған жағдайда жұмыс істеуге болады. Бильярд, компьютерлік клубтар Ashyq-сыз жұмыс істемеуі керек.

Бүгіннен бастан Жамбыл облысында да әлеуметтік-экономикалық объектілердің қызметін «қызыл» аймақ негізінде жұмыс істеуге көшті.

Ойын-сауық, спорттық іс-шаралар мен көрмелер, форумдар мен конференциялар, банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу шаралар өткізуге тыйым салынды.


Соңғы жаңалықтар