Қазақстанда шетелдік ЖОО-лардың тағы 5 филиалы ашылмақ

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік жоғары оқу орындарының кемінде 5 филиалы мен өкілдігі ашылады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға беру туралы мәселе пысықталды. Оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде: білім беру, IT, инженерия, агро-техникалық және тағы басқа бағыттар бойынша жүргізілетін болады. Оқу және ғылыми зертханаларды құру және жарақтандыру арқылы жоғары оқу орындарының зерттеу экожүйесін қалыптастыруды көздейтін «Академиялық артықшылық орталықтары» жобасы іске асырылуда. Бұдан басқа, 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік жоғары оқу орындарының кемінде 5 филиалы мен өкілдігін ашу жоспарлануда», - деді министр жауабында.

Оның атап өтуінше, бұл жоғары оқу орындарының ғылыми және академиялық дамуын күшейтуге, озық ғылыми тәжірибені енгізуге, басқару жүйесін трансформациялауға және білім беру мазмұны мен оқу процесіне әлемдік білім беру стандарттарын енгізуге мүмкіндік береді.

«Жылдан жылға қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық білім беру кеңістігіндегі позициялары нығайып келеді. QS-2022 рейтингінде 14 қазақстандық ЖОО, Times Higher Education рейтингінде 3 ЖОО орын алды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақстандық жоғары оқу орны кезекті рет әлемнің топ-200 үздік университеттерінің қатарына енді (175-орын). Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ (328 орын) және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті (482 орын) сияқты тағы 2 университет QS рейтингінің топ-500 қатарына енді», - деді Саясат Нұрбек.

Соңғы жаңалықтар