Қазақстанда шахмат мектеп бағдарламасына енгізіле ме

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Танымал шахматшы Дәрмен Сәдуақасов шахмат ойындарын мектеп бағдарламасына қосуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен бұрынғы Білім министрімен кездескен едім. Енді, жаңа министр Күләш Ноғатайқызымен кездесетін жоспарымыз бар. Негізі, 2016 жылдан бері біз Астананың халықаралық мектебі аясында балалармен жұмыс істеп келеміз. Шамамен, 600 бала айналысады. Аталған мектеп Назарбаев зияткерлік мекептерінің құрамына кіреді. Сол кезде Күләш Ноғатайқызы шахматты дамыту шараларына үнемі қолдау жасап отырды. Осы айда Қазақстанның шахмат федерациясы мен министрлік басшылығы арнайы кездесуді жоспарлап отыр. Сол жерде мектептерде шахмат ойындарын дамыту мәселесін талқылайтын боламыз», - деді Д.Сәдуақасов журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, осыдан он жыл бұрын Армения мектептерінде шахмат міндетті пән ретінде енгізілген болатын. Соның нәтижесінде осы елдің ерлер құрамасы шахматтан Дүниежүзілік Олимпиадада үш рет чемпион атанды.null

«Иә, бірінші рет кәдімгідей сенсация болды. Екінші рет сәттілік серік болған шығар. Ал үшінші рет жеңіске жеткенде барлығы ойланып қалды. Себебі Арменияның құрамасы үш рет жеңіске жетті. Бұл - үлкен көрсеткіш. Қазір Ресейдің бірқатар аймақтарында шахматты мектеп бағдарламасына енгізді. Енді, барлық федерацияға таратамыз дейді», - деп атап көрсетті Д.Сәдуақасов.

Айта кетейік, бұған дейін Дәрмен Сәдуақасов шахматшы Бибісара Асаубаеваның Ресейден қайтып келуіне қатысты өз пікірін білдірген болатын. «Мен өзім Бибісараның талантына тәнтімін. Әлі есімде, 6 жасында болғанда мен оны тестен өткіздім. Сол кезде оның қабілетін көріп, анасына бірден айттым. Оның бойында сирек кездесетін талант, мықты табиғи қабілет бар. Ол бір нәрсеге зейін қойып, ұзақ отыра алады. Оны «зейін концентрациясы» дейді. Дәл осы концентрацияны Бибісара ұзақ уақыт ұстап отыра алады. Негізі, әр адамның зейін қою қабілеті әртүрлі. Ал Бибісара тест кезінде өте жақсы нәтиже көрсетті. Шахматшы үшін бұл аса қажетті қабілет, аса үлкен артықшылық», - дейді Д.Сәдуақасов. Оның айтуынша, Қазақстанда мықты шахматшы жігіттер де бар.

Соңғы жаңалықтар