Қазақстанда шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі артып келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі артып келеді. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Жасұлан Мәдиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ресми статисткалық деректерге сәйкес 2019 жылдың қаңтар-маусымында республиканың жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 28,5 пайызды құрады. Біздің міндетіміз - бұл көрсеткішті 2025 жылы 30 және 2050 жылы 50 пайызға жеткізу. Бұл дамыған елдердің деңгейіне сай келеді», - деді ол.

Осы орайда вице-министр Қазақстанның «Doing Business» рейтингінде 3 сатыға көтеріліп, әлемнің 190 елінің арасында бизнес жүргізудегі ТОП-25 мемлекеттің қатарына қосылғандығын еске салды.

«Бұл жылдан-жылға бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған үкіметтік шаралар ұтымдылығының нақты көрсеткіші», - деді Жасұлан Мәдиев.

Сонымен қатар ол шағын және орта бизнес өндіретін өнімдердің көлемі де артып келе жатқандығына назар аудартты.

«2019 жылдың қаңтар-маусымында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнім көлемі 12,7 трлн теңгені құрады және 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,8 пайызға өсті. Егер жылдар бойынша нәтижелерді салыстырар болсақ, онда 2018 жылы 26,5 трлн теңгенің өнімі шығарылған еді. Бұл 2015 жылдың көрсеткішінен 70 пайызға көп», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар