Қазақстанда сайлауды қауіпсіз өткізу үшін қандай шаралар қолға алынды - ҚР ДСМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 10 қаңтарда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау қаншалықты қауіпсіз өтетіндігі туралы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар орталығында өткен елдегі эпидемиологиялық жағдай туралы брифингіде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер алдағы сайлауға байланысты эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қаулы қабылдағаны туралы айтты.

«Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер алдағы сайлауға байланысты эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қаулы қабылдады, құжатта бірқатар талап қарастырылған, негізгілері мыналар:

сайлау учаскесіне қойылатын талаптар:

- кіре берісте термометрмен температура өлшеу;

- сайлаушылардың жүру бағытын көрсететін белгілер қою;

- сайлау комиссиясы мүшелері 3 сағат сайын маска ауыстыруы тиіс;

- қолды дезинфекциялауға арналған санитайзерлер болуы керек;

- жиһаз бен техникалық жабдықты бір-бірінен кемінде 1,5-2 метр қашықтықта орналастыру;

- кемінде 1,5-2 метр әлеуметтік арақашықтық сақтау;

- келушілердің дене температурасы көтерілген (37ºС жоғары) жағдайда, адамды оқшаулауға арналған жеке кабинет болуы қажет», - дейді Алексей Цой.

Сондай-ақ, ол сайлаушылар мен сайлау учаскелерінде тұрақты жұмыс істейтін адамдарға қойылатын талаптар туралы да айтып өтті.

«Сайлаушыларға қойылатын талаптар:

- сайлау учаскесіне келгенде медициналық немесе қорғаныс маскасын және қолға арналған антисептикалық құралды пайдалану;

- Үйде емделуіне байланысты оқшаулау режиміндегі немесе коронавирус инфекциясына байланысты карантинде отырған дауыс берушілер сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс беру туралы өтініш білдірген жағдайда сайлау комиссиясының мүшесіне хабарлауы тиіс.

Сайлау учаскелерінде тұрақты жұмыс істейтін адамдарға қойылатын талаптар - жоғары және орташа қауіпті аймақтардағы («қызыл», «сары» аймақ), қызыл аймақта 1 өңір (Атырау облысы), сары аймақта – 6 өңір (Қостанай, Ақмола, СҚО, Павлодар облыстары, Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары) сайлау комиссиясының мүшелері, бақылаушылар мен сенімді адамдар («Сайлау туралы» заң бойынша) 5 қаңтар мен 9 қаңтар аралығында тексерілуі тиіс және ПТР-тест нәтижесі таза болуы қажет. Сайлау комиссиясы мүшелері, бақылаушылар және сенімді адамдар тегін тексеріледі», - дейді ол.

Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау министрі дене қызуы бар адам жалпыға ортақ сайлау уаскесіне кіре алмайтынын айтты.

«Дене қызуы бар адам қай жерге барып дауыс бере алатыны туралы аумақтық саулау комиссиясынын алдын ала анықтап, сұрап алғаны дұрыс. Себебі дене қызуы бар адам жалпыға ортақ сайлау учаскесіне кіре алмайды, себебі ол коронавируспен ауырып тұрған болуы мүмкін», - дейді ол.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрі Медициналық сақтандыру қоры сайлау комиссиясы мүшелерінің ПТР тестілеу шығындарын өтейтінін айтты.

«ПТР тестіден өту Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаржысы есебінен жүзеге асады. Сайлау комиссиясы мүшелері, бақылаушылар және сенімді адамдарды біз тесттен өткіземіз және оған кететін қаражат ӘМСҚ арқылы өтеледі. Сайлау өтетін жер адам көп жиналатын және дауыс беретін жер болғандықтан, бүкіл сайлау процесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тестілеуді тегін өткізу туралы шешім қабылданды», - дейді Алексей Цой.
Сонымен қатар, брифинг барысында ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният сайлаудың онлайн түрде өтуі мүмкін емес екендігін айтты.

«Сайлау онлайн өтпейді. Еліміздің Конституциялық заңына сәйкес, әр азамат өзінің сайлау учаскесіне барып, өзінің жеке куәлігін көрсетіп, дауыс беруі керек. Министрлік пен медициналық қызметкерлер барлық қауіпсіздік жағын қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан сайлау учаскелерінің кіре берісінде байланыссыз термометрия және сайлаушылар үшін қозғалыс бағыты бойынша қашықтық белгілерінің көрсеткіші болуы керек», - дейді Ажар Ғиният.

Ол сайлау комиссиясының жұмысын барлық кезең ішінде әрбір 3 сағат сайын бақылап, маска тағу режиімн сақтауы керек екенін айтты.

«Қолды дезинфекциялауға арналған санитайзер болуы керек. Жиһаз бен техникалық жабдықтар бір-бірін 1,5-2 метр қашықтықта орналасуы керек. Учаскеге келген сайлаушының бәрі медициналық маскамен келуі тиіс және оқшаулау режимін белгілеп, арақашықтықты сақтаулары қажет», - дейді ол.

Еске сала кетсек, 10 қаңтарда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау өтеді.

Брифинг барысында министр еліміз қаупі төмен «жасыл» аймақта тұрғанын айтты.

«Республика қауіпі төмен – жасыл аймақта тұр. Тәуекелі жоғары немесе қызыл аймақта Атырау облысы қалды, тәуекелі орташа немесе сары аумақта 6 өңір: СҚО, Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары қалды», - деп атап өтті ол.


Соңғы жаңалықтар