Қазақстанда сайлауды байқаушылардың этика кодексін әзірлеу ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде сайлау барысын байқаушыларға арналған этика кодексі әзірленбек. Бұл туралы «Сайлауды партиялық емес бақылау орталығы» РҚБ төрағасы Төлеген Күнәділов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз байқаушылардың этика кодексін әзірлеуді ұсынамыз. Оған себеп өткен сайлау байқаушылардың барлығы бірдей өз миссиясын адал атқармайтындығын көрсетті. Бақылаудың негізгі мақсаты - заңнаманың сақталуын бақылау болғанына қарамастан, көбінесе байқаушылардың өздері заң талаптарын елеулі түрде бұзуға, соның ішінде бейне түсіруді жүргізуге және учаскелердегі басқа да дұрыс емес мінез-құлыққа жол берді. Бұл мінез-құлықтың көптеген фактілері сайлау заңнамасының білім деңгейінің жеткіліксіздігімен немесе тәжірибенің жоқтығымен байланысты», - деді Т. Күнәділов.

Сондай-ақ, орталық басшысы елімізде сайлауды байқаушылардың кәсіби пулын әзірлеу керектігін айтты.

«Сайлау кезінде оның беделін түсіру үшін әдейі арандатушылық әрекеттер жасайтындар да бар. Сондықтан бақылау институтын кәсібилендірудің және жалпы бақылау процесінің барлық қатысушылары сақтауы керек бірыңғай нормаларды әзірлеудің уақыты келді. Біз байқаушылардың кәсіби пулын дайындау үшін жүйелі және жоспарлы түрде жұмыс істейтін боламыз. Осы орайда Партиялық емес бақылау орталығы байқаушылардың этика кодексін құру туралы бастаманы қолға алып отыр», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Сайлауды партиялық емес бақылау орталығы кеше өткен ауыл әкімдері сайлауының өту барысына баға берді.


Соңғы жаңалықтар