Қазақстанда сайлауалды үгіт жұмыстары басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін жергілікті уақыт бойынша 18-00-де 2021 жылдың 10 қаңтарына тағайындалған ҚР Парламенті Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттардың депутаттығына кандидаттардың партиялық тізім ұсынған партиялардың үгіт жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетерлігі, бұл жолғы Конституциялық мерзімге сай өткізгелі отырған Мәжіліс сайлауына елімізде тіркелген 5 саяси партия, атап айтқанда, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Nur Otan» партиясы, «ADAL» саяси партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Қазақстанның Халық партиясы» кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынып, олардың барлығын еліміздің Орталық сайлау комиссиясы тіркеді. Барлығы 312 кандидат, оның ішінде: «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 19; «Nur Otan» партиясынан 126; «ADAL» саяси партиясынан 16; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан 38 және «Қазақстанның Халық партиясынан» 113 адам.

Партиялық тізімдер бойынша Парламент Мәжілісі сайлауында дауыс беруді өткізу кезіндегі жеребе қорытындысы бойынша сайлау бюллетеніндегі саяси партиялардың атаулары мынадай тәртіппен орналастырылатын болады:

1. «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі.

2. «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігі.

3. «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі.

4. «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі.

5. «ADAL» саяси партиясы» қоғамдық бірлестігі.

Сонымен қатар 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Сайлаушы азаматтардың бірыңғай электрондық тізіліміне сәйкес Қазақстан Республикасындағы сайлаушылардың жалпы санының бір пайызы резервін қоса, дайындалуға және сайлау учаскелеріне жеткізілуге тиіс сайлау бюллетеньдерінің саны партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша 12038433 (он екі миллион отыз сегіз мың төрт жүз отыз үш) дананы құрайтын болып белгіленді.

Ал енді сайлау алды үгіт жұмысына келер болсақ, «Қазақстандағы Сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабына сәйкес, мемлекет азаматтарға, қоғамдық бiрлестiктерге Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңына, өзге де заң актiлерiне сәйкес белгілi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап не қарсы кедергiсiз сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығына кепiлдiк бередi. Сайлау қорларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бiрлестіктер қаржыландыруды талап етпейтiн сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге құқылы. Партиялық тізімдерді тiркеу мерзiмi аяқталған кезден бастап, үгіт науқаны аяқталғанға дейiн кандидаттардың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партиялардың өздерiнiң сайлау алдындағы бағдарламаларын баспасөзде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында үгiттеуге және насихаттауға құқығы бар. Кандидаттардың, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың сайлау алдындағы үгiт жүргiзуi үшiн бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткiзуiнiң тең жағдайына кепiлдiк беріледi.

Мемлекет кандидаттарға өз бағдарламаларымен бұқаралық ақпарат құралдарына шығу үшiн қаражаттың тең бөлiнуіне кепiл болады. Бұқаралық ақпарат құралдарына шығу үшін кандидаттарға қаражат бөлу тәртібі мен көлемін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды. Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыстарға қатысуға құқылы. Орталық сайлау комиссиясы айқындайтын сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу тәртібі мен шарттары бірдей болуға және белгілі бір кандидатқа немесе саяси партияға артықшылық жасамауға тиiс.

Бұқаралық ақпарат құралдары тiркелген кандидаттарға және партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға шарттық негiзде эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бередi. Кандидаттарға және партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға бұқаралық ақпарат құралдарында эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын беру туралы шарттың талаптары белгiлi бiр кандидатқа, саяси партияға артықшылық жасамауға тиiс. Эфир және баспасөз бетінен орын бергені үшін төлемнің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді тиісті бұқаралық ақпарат құралы сайлау алдындағы үгіт жүргізу басталардан кемінде бес күн бұрын хабарлауға және жариялауға, сондай-ақ олар Президентті және Парламент депутаттарын сайлау кезінде – Орталық сайлау комиссиясына, мәслихаттар депутаттарын және өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде өзге де аумақтық сайлау комиссияларына ұсынылуға тиіс.

Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының интернет-ресурстарына бұқаралық ақпарат құралдары ұсынған эфир және баспасөз бетінен орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер орналастырылады. Бұқаралық ақпарат құралдары эфир және баспасөз бетінен орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер жарияланғанға дейін кандидаттардың, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың үгіт материалдарын орналастыру, тарату үшін эфир уақытын, баспасөз бетінен орын бере алмайды.

Сайлау алдындағы үгіт кезеңінде кандидаттардың, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың сайлау алдындағы үгітіне байланысты мерзімді баспасөз басылымының таралымы барлық кандидаттар, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар үшін бірдей болуға тиіс.

Бұқаралық ақпарат құралы кандидаттардың, партиялық тізімін ұсынған саяси партияның бірiне эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бөлуге берген келiсімi басқа кандидаттарға, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бөлуге келiсiм беруі болып табылады.

Кандидаттардың және партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына шығу кезектілігі жазбаша өтініштердің келiп түсу ретiмен не егер өтiнiштер бiр мезгiлде келіп түссе, жеребе бойынша белгiленедi.

Кандидаттардың телевизия мен радиода сөйлеп жатқан сөздерiн бөлуге және сөйлеген сөздерiнен кейін iле-шала, сондай-ақ баспасөз басылымдарындағы сөздерiнен кейін сол нөмiрде түсiнiктеме жасауға тыйым салынады.

Жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi сайлау комиссияларымен бiрлесiп барлық кандидаттар үшiн үгіттiк баспа материалдарын орналастыру үшiн орын белгiлейдi және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандырады. Үгiттiк баспа материалдары барлық кандидаттар үшiн тең құқықтар қамтамасыз ететiн жағдайда орналастырылады. Кандидаттар үгiттiк баспа материалдарын тиiстi объект иесiнiң рұқсатымен өзге де орындарда iлiп қоюға құқылы. Үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға тыйым салынады.

Кандидаттар, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар өз сайлау қорларының қаражаты есебiнен бұқаралық ақпарат құралдарына шығуға, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге, қосымша үгіт материалдарын шығаруға байланысты шығындарды төлеуге, сондай-ақ көлiк және iссапар шығыстарының орнын толтыруға құқылы. Бұл мақсатқа кез келген басқа көздерден өзге ақша тартуға, сайлау науқаны барысында кандидаттар пайдаланатын, кандидаттардың сайлау қорлары қаражатынан ақысы төленбеген жеке және заңды тұлғалардың кез келген тауарын, жұмысы мен қызметiн қабылдауға, аталған жеке және заңды тұлғаларға осы қызметтердің көрсетiлгенi үшін кандидат тарапынан жәрдемнің кез келген түріне тыйым салынады.

Сайлау болатын күнi, яғни 10 қаңтарда және оның қарсаңындағы күнi, демек 9 қаңтарда кез келген үгiтке тыйым салынады. Сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға рұқсат етіледі. Интернет желісінде бұрын орналастырылған үгіт материалдарын бұрынғы орындарында қалдыруға болады. Бірақ, бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді.


Соңғы жаңалықтар