Қазақстанда сайлауалды үгіт-насихат басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін кешкі сағат 18:00-ден кейін Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат шаралары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы сайлау осымен алтыншы рет өтіп отыр. Осы жолы ҚР Орталық сайлау коммиссиясы жеті кандидатты тіркеді. Олардың ішінде «Nur Otan» партиясынан -Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан - Төлеутай Рахымбеков, Қазақстанның коммунистер партиясынан Жамбыл Ахметбеков, «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан Әміржан Қосанов, «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан Сәді-Бек Түгел, Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясынан Амангелді Таспихов және «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан Дания Еспаева бар.

Биылғы сайлауда президенттікке кандидаттарды тіркеу шаралары мерзімінен бұрын аяқталған болатын. ҚР Орталық сайлау комиссиясы оның себебін де түсіндірді.

«Уәкілетті мемлекеттік органдардың кандидаттың заңнама талаптарына сәйкестігін анықтау туралы мәліметті екі күн ішінде ұсыну мерзімдерін қысқарту, қол қою парақтарын беру мерзімін екі күнге дейін, сондай-ақ аймақтық сайлау учаскелерінің қол қою парақтарын тексеру мерзімін 5 күнге дейін қысқарту туралы ОСК қабылдаған бірқатар шешімдер кандидаттарды тіркеу кезеңін мерзімінен бұрын аяқтауға мүмкіндік берді. Босатылған уақыт кандидаттарға штаб қызметін ұйымдастырумен айналысуға, сайлау қорларында қаражат жинақтауға және үгіт кезеңіне неғұрлым сапалы дайындалуға мүмкіндік береді», - дейді ҚР ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров.

Айта кетейік, заң бойынша сайлауалды үгіт-насихат 8 маусымға дейін жалғасады. Ол күн тыныштық күні болады. Ал ертеңінде, яғни 9 маусымда таңғы сағат 07.00-ден кешкі 20.00-ге дейін дауыс беру науқаны жүреді. Дауыс санау 12 сағаттың ішінде атқарылады.

Соңғы жаңалықтар