Қазақстанда сайлау процесін демократияландыруға ден қойылып келеді - Беларусь сарапшысы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандағы Президент сайлауы қоғамда әртүрлі саяси көзқарастағы топтардың барын дәлелдей түсті. Шетелдік сарапшы, Беларусь Республикасы Стратегиялық және сыртқы саяси зерттеулер орталығының директоры Арсений Сивицкийдің пікірі осындай, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

««Еxit poll» сауалнамасының да нәтижесі де, жалпы Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы да қазақстандық және шетелдік көптеген сарапшылардың болжамын растап отыр. Шынында да, Қасым-Жомарт Тоқаевтың осындай шамадағы дауысты алатыны болжанған. Себебі, Тоқаев өзінің кампаниясын центристік ұстаным бойынша жүргізді. Осы фактор айналып келгенде қоғамды үйлестіре алатын сипатқа ие. Бұл жолғы Қазақстандағы Президент сайлауының ерекшелігі - әртүрлі саяси және идеологиялық бағыттағы кандидаттардың болуында», - деді Арсений Сивицкий.

Шетелдік сарапшы, сондай-ақ, Әміржан Қосановтың жалпы дауыстың 16 пайызына ие болуы салмақты нәтиже екенін атап өтті.

«Бұл дегеніміз қазақстандық қоғамда әртүрлі саяси көзқарастағы топтардың барын дәлелдей түсті. Келешекте Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Nur Otan» партиясы осынау 16 пайыз үшін дауыс берген азаматтардың ұстанымын есепке алары анық. Жалпы, Қазақстандағы сайлау кампаниясы ашық әрі бәсекелі өткенін атап өткен жөн. Қазақстан билігі - ішкі және сыртқы бағыттағы легитимдікке барынша ден қойып отырғанын байқаймыз. Сайлау кампаниясы да, нәтижесі де осыны көрсетті», - деді беларустық сарапшы.

Арсений Сивицкийдің пікіріне сүйенсек, Қазақстанда сайлау процесін демократияландыруға ден қойылып келе жатқаны байқалады. Шетелдік сарапшы бұл ретте 2005 жылдан бері кандидаттар арасындағы тікелей эфирдегі теледебаттың жандануын аргумент ретінде мысалға келтірді.

«Ол жерде әрбір кандидат өз бағдарламасымен таныстыру мүмкіндігіне ие болды. Осы қадамдардың бәрі де барынша легитимдікпен қамтуды мақсат еткені анық», - деді шетелдік сарапшы.

Еске сала кетсек, бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылдың 9 маусымында өткен кезектен тыс президенттік сайлауда кандидаттарға сайлаушылардың қанша дауыс бергендігін жария еткен болатын.

«Қазақстан Республикасы бойынша Жамбыл Ахметбеков 167 249 дауыс немесе сайлаушылардың 1,83 процент дауысын, Дания Еспаева 478 153 дауыс немесе сайлаушылардың 5,2 процент дауысын, Әміржан Қосанов 1 472 733 дауыс немесе сайлаушылардың 16,02 процент дауысын, Төлеутай Рахымбеков 294 271 дауыс немесе 3,2 процент дауысын, Амангелді Таспихов 190 304 дауыс немесе сайлаушылардың 2,07 процент дауысын, Қасым-Жомарт Тоқаев 6 504 054 немесе сайлаушылардың 70,76 процент дауысын, Сәді-Бек Түгел 84 348 дауыс немесе сайлаушылардың 0,92 процент дауысын жинады», - деді ҚР ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров.

Соңғы жаңалықтар