Қазақстанда сайлау қарсаңында «Әділ сайлау үшін» штабы құрылды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – 20 қарашада өтетін ҚР Президенті сайлауы қарсаңында «Әділ сайлау үшін» атты штаб өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа бастаманы Қазақстан заңгерлерінің одағы қолға алып отыр.

Мақсат - сайлау науқаны кезінде конституциялық реформа ережелері мен сайлауды өткізу процесін заң қоғамдастығымен бірлесіп жұртшылыққа кеңінен түсіндіру.

«Біз халыққа сайлаудың сай өту процесін, заң талаптарын қарапайым тілмен түсіндіреміз. Ол үшін біз елордада арнайы штаб құрдық. Оның құрамында 7 адам бар, мен төрағамын. Штаб құрамындағы барлық азамат - заң саласының білікті мамандары. Сондай-ақ, бүкіл облыс орталықтарында біздің штабтың филиалы болады. Біз халыққа сайлаудың өтуіне қатысты заңнамалық талаптарды түсіндірумен қатар, тұрғындарды мазалаған сұрақтарға да жауап береміз. Түсіндіру жұмысы, заңнамалық кеңес беру, азаматтардың сұрағына жауап беру онлайн форматта жүреді. Қажет жағдайда, мәселе туындап жатса, сол жерге ұшып барып көмек көрсетеміз», - деді Қазақстан заңгерлері одағының төрағасы Серік Ақылбай.

Оның айтуынша, «Әділ сайлау үшін» штабы қоғамдық ұйым, яғни мемлекетке қатысы жоқ.

«Біздің басты мақсатымыз - халықтың сайлауға қатысты өз құқығын білуі. Сонымен қатар біз еліміздің заңгерлер қауымдастығына үндеу жасамақпыз. Штаб жұмысына қатысамын, халық арасында түсіндіру жұмыстарына үлесімді қосамын деуші заңгерлер болса есігіміз ашық», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар