Қазақстанда саяси мемқызметшілер «сенімді жоғалту» себебімен жұмыстан босатылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Саяси қызметшіні «сенім жоғалтуына» орай жұмыстан босатуға қатысты толықтыру енгізу көзделіп отыр. Заңға сәйкес, саяси қызметшi саяси мiндеттердi iске асыруға жауапты қызметшi болып саналады. Яғни, саяси қызметшіге жүктелген жауапкершілік үлкен. Осыған орай, Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша өз өкілеттігін тиісінше орындамаған саяси қызметшіні «сенім жоғалтуына» орай жұмыстан босату институты енгізіледі. Мұндай босату туралы шешімін тек Мемлекет басшысы ғана қабылдайды», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, агенттік басшысы басқа өңірге ауысқан мемлекеттік қызметшілерге ротациялық төлем берілетінін, бұл қаражат пәтер жалдауға бағытталатынын айтты.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте қашықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс кестесін реттеу құзыретін агенттікке беру қарастырылған.

Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің міндетті жұмыс өтеу тәртібіне өзгерістер енгізілмек.

Бұдан бөлек, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне мемлекеттік қызмет пен кадр саясатының тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар өкілеттік берілмек.

«Мемлекеттік органдарда басшылар мен орындаушылар санын реттеу көзделіп отыр.

Қолданыстағы Заңға сәйкес, әр мемлекеттік орган өз штат кестесін өзі бекітеді. Алайда, басшылар мен орындаушылар саны реттелмеген. Нәтижесінде, бір басшыға кейде 1 немесе

2 орындаушыдан ғана келетін жағдайлар кездесіп жатады. Ал енді кейбір органдарда басшылар саны тіпті орындаушылардан да асып түседі. Осы орайда, бұндай олқылықты болдырмау мақсатында басшылар мен орындаушылар санын Агенттіктің бұйрығымен реттеу ұсынылып отыр», - деді Д. Жазықбаев.


Соңғы жаңалықтар