Қазақстанда сатылған әрбір екінші жаңа көлік - отандық өнім

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов машина жасау саласындағы негізгі нәтижелерді баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Машина жасау - өңдеуші өнеркәсіптің серпінді дамып келе жатқан салаларының бірі. Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдары салада өндіріс көлемі 5 есе өсті. Салаға тартылған инвестициялар көлемі үш есе өсіп, 50 млрд теңгені құрады. Экспорт көлемі шамамен 3 есеге артып, 1,1 млрд АҚШ долларын құрады. 2019 жылдың қорытындысы бойынша, 1 трлн 372 млрд теңгеге өнім өндірілді. 2020 жылдың бес айында 535 млрд теңгеге өнім өндірілді. Өсім 18,5 пайызды құрады», - деді министр ҚР Үкіметі отырысында.

Оның айтуынша, аталмыш салада шамамен 3 мың кәсіпорын жұмыс істейді, онда 65 мың адам еңбек етеді. Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру жылдары машина жасау саласында 367 млрд теңгеге 128 жоба іске асырылып, 16 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.

«2019 жылы еңбек өндімділігі 16 мың АҚШ долларын құрады. Экспортталатын өнім қатары кеңейтілді. Қазір біздің кәсіпорындар Ресей, Қытай, Әзербайжан, Тәжікстан, БАӘ, Түркіменстан және т.б. елдерге өнім экпорттайды. Машина жасау өнімдерінің жаңа түрлері жолаушылар вагондары, электровоздар, теміржол доңғалақтары мен белдіктері, бағыттамалы бұрмалар өндірісі ұйымдастырылды. «Asia Trafo» АҚ ТМД елдері аумағында бірінші болып, қуаты 500 мегавольт/ампер дейінгі қуатты трансформаторлар өндірісін игерді», - деді спикер.

Машина жасау салалары арасында жоғары нәтижені - көлік құрастыру бағыты көрсетіп отыр. Мұндағы өндіріс көлемі 24,5 есеге өсіп, инвестииялардың жыл сайынғы ағыны 14,4 есеге артты.

«Қазақстандық автоөнеркәсіп өнімі экспорттық нарыққа шықты. Бұл ретте ел ішінде сатылған әрбір екінші жаңа жеңіл көлік - отандық өнім болып табылады. Саланың басты кәсіпорындары – «Сарыарқа АвтоПром», «Hyundai Trans Auto», «АзияАвто», «КАМАЗ – Инжиниринг», «СИМАС» және «Daewoo Bus Kazakhstan». 2020 жылғы қаңтар-мамыр айларында жалпы құны 173 млрд теңгеге 26 810 көлік өндірілді. Өсім 47 пайызды құрады. Осы кезеңде Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанға 1659 жеңіл автокөлік экспортталды», - деп атап өтті спикер.

Алматы қаласында Hyundai Trans Kazakhstan зауыты салынды. Зауыттың қуаттылығы жылына 45 мың жеңіл көлік шығаруға мүмкіндік береді. Бірінші кезең - 2020 жылдың наурыз айында сәтті іске қосылды. Шанақты балқыту мен бояу бойынша технологиялық операциялар есебінен автомобильдерді ұсақ тораптық жинау іске асырылатын болады.

«Сарыарқа АвтоПром» «Өзбек АвтоПроммен» бірге Ravon, Chevrolet экспортқа бағытталған автокөліктері өндірісі сынды бірқатар маңызды инвестициялық жобаларды іске асырып отыр. Қарағанды облысының Саран қаласында Казтехно компаниясы қытайлық компаниямен бірлесіп, Youtong автоустар, Казтайр тех компаниясы «Doublestar» компаниясымен бірлесе отырып, жеңіл автокөліктер үшін 3 млн және коммерциялық техника мен автобустар үшін - 500 мың шина шығаратын жоба, КамАЗ АҚ бірлесіп, құю зауытын салу жөніндегі жобалар іске асырылуда», - деді Бейбіт Атамқұлов.


Соңғы жаңалықтар