Қазақстанда сапасыз және қауіпті өнімдердің реестрі құрылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылдың алғашқы тоқсанында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі сапасыз өнімдер реестрін құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның бас санитар дәрігері, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин Астанада өткен баспасөз мәслихатында осылай деді.

«Техникалық талаптарға сай келмеген, сапасыз және қауіпті деп танылған өнімдердің тізімі арнайы реестрге орналастырылады. Сондай-ақ, бұл тізімде өнімнің қайда сатылатыны, кім шығарғаны да көрсетіледі», - деді Жандарбек Бекшин Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бұл қадам азық-түлік өнімдерінің ғана емес, халық денсаулығына әсер ететін тауарлар сапасын жақсартуға да мүмкіндік береді.

«Желтоқсан айында аталмыш тізімді жасау және тауарларды алып-қосу құзіретін алдық. Себебі, бір тауар үнемі бұл тізімде тұра бермейді. Егер кәсіпкер өнім сапасын жақсартуға тырысса, қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, тізімнен шығарылады», - деп атап өтті ол.

Наурыз айында реестрді жүргізу ережелері бекітіледі және сәуірде іске қосылуы тиіс.

«Әзірге бұл реестрді Ұлттық палата қызу талқылап жатыр. Әрине, халық тізімнен көрген өнімді мүлдем сатып алмайтын болады», - дейді Ж. Бекшин.

Соңғы жаңалықтар