Қазақстанда салықтық рақымшылық басталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа жылда елімізде шағын және орта бизнес үшін салықтық рақымшылық ұйымдастырылады. Кәсіпкерлер негізгі қарызды төлеген жағдайда айыппұлдар мен өсімақыдан босатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінде салықтық рақымшылыққа байланысты кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Осыған орай, арнайы заң жобасы әзірленді. Аталған құжат бойынша салықтық рақымшылық келесі жылдың аяғына дейін жалғасады. Ал айыппұлдарды мен өсімақыларды алып тастау шаралары наурыз айында басталады.
«2018 жылдың 1 қазанына дейін жинақталған қарыздың келесі жылдың аяғына дейін төлеу керек. Сонда кәсіпкерлер барлық айыппұлдар мен өсімақылардан босатылады», - дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев.
Оның айтуынша, салықтық рақымшылыққа темекі, алкоголь мен кен өндіру саласындағы ірі кәсіпкерлік нысандар ілінбейді. Қазіргі есепке сәйкес, рақымшылыққа 90 мыңға жуық шағын және орта бизнес өкілдері қатыса алады.

«Олардың жалпы қарызы 340 миллиард теңгені құрайды. Соның ішінде негізгі қарыздың сомасы - 210 миллиард. Дәл осы қарыз төленсе, мемлекет 122 миллиард теңгенің өсімақысын, сондай-ақ, 7,3 миллиард теңгенің айыппұлын сызып тастайды. Сонда кәсіпкерлер қосымша 130 миллиард теңгені төлеуден босатылады», - деп атап көрсетті М.Сұлтанғазиев.
Ресми ақпарат бойынша қарыздың басым бөлігі - 123 млрд теңге (37%) сауда саласына тиесілі. Одан кейін құрылыс - 98 млрд теңге (30 процент) және тау-кен өнеркәсібі - 35 млрд теңге (10,7 процент).
Айта кетейік, өткен жылы 5 қазанында Қазақстан Ресупбликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын жариялаған болатын.
Сол кезде Президент 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес үшін салықтық амнистияны өткізуді тапсырды. «Бизнес жұмысын таза парақтан бастауы үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан шағын және орта бизнес үшін салықтық амнистия жүргізуге кірісуді тапсырамын. Дегенмен, барлығы да тегіс болып отырған жоқ. Біріншіден, салықты әділ төлейтін бизнес бар. Ол ертең «ананікін сыздың, менікін неге сызбадың?» дейді. Яғни, ол мемлекетке негізгі салығын төлеген болса, онда өсімпұлдар мен айыппұлдар жайында сөз болып отыр»,- деген еді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар