Қазақстанда салыққа рақымшылықты қанша бизнес субъектілері пайдаланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 41 820 бизнес субъекті 12,5 млрд теңгені төлеп, салыққа рақымшылықты пайдаланды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мақсатында ҚР Тұңғыш Президенті салық төлеушілер негізгі қарыз сомасын төлеген жағдайда есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдарды шегеру жолымен шағын және орта бизнес субъектілеріне салыққа рақымшылық жүргізу туралы тапсырма берді. Негізгі қарыз сомасын төлеген жағдайда, салық төлеушілерге 2018 жылғы 1 қазанға есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар сомасы және де негізгі қарызды төлеген күнге дейін есептелген өсімпұл сомасы есептен шығарылады. Салық төлеуші негізгі қарыз сомасын ағымдағы жылдың соңына дейін төлеуге құқылы екеніне назар аударамыз», - деді Жайдар Іңкәрбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Айта кетейік, рақымшылыққа жер қойнауын пайдаланушылар, акцизді тауарларды өндірушілер және де мониторингке жататын ірі салық төлеушілер, яғни түсім нормасы жоғары экономика салаларында қызмет жүргізетін салық төлеушілердің жеке категориялары жатпайды.

«Қосымша қабылданған өзгертулерге сәйкес, салыққа рақымшылыққа 2018 жылғы 1 қазан күнгі жағдайда берешегі болған салық төлеушілер, сондай-ақ аталған күнге тексеріс нәтижелеріне шағым тапсырған салық төлеушілер жатады. Сонымен қатар, салыққа рақымшылық 2018 жылғы 1 қазанға дейінгі мерзіммен қосымша салық есептіліктері тапсырылған салық төлеушілерге жасалады. Бүгінгі күні 41 820 бизнес субъекті 12,5 млрд теңгені төлеп, салыққа рақымшылықты пайдаланды. Олар бойынша 4 млрд теңге өсімпұл, 291,2 млн теңге айыппұл есептен шығарылды. Мемлекеттік қолдаудың және салық төлеушілердің берешектерін өтеу нәтижесінде салық төлеушілердің банктік шоттары ашылып, мүлікке қойылған шектеулер шешілді. Бұл өз кезегінде оларға кәсіпкерлік қызметін ары қарай жалғастыруға мүмкіндік береді», - деді комитет өкілі.

Соңғы жаңалықтар