Қазақстанда ресейлік ЖОО-лардың филиалын ашуды реттейтін келісім әзірленді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ресейде Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының филиалдарын және Қазақстанда Ресейдің жоғары білім беретін ұйымдардың филиалдарын құру туралы келісім жобасы әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ашық» НҚА порталында жарияланған келісім жобасында елімізде ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу кезінде Қазақстан тарапынан лицензия алу шаралары қамтылған.

«Қазақстан филиалында жоғары білім беру бағдарламаларын меңгерген және қорытынды аттестаттаудан ойдағыдай өткен білім алушыларға ҚР заңнамасына сәйкес белгіленген үлгідегі білім туралы құжаттар беріледі. Ал Ресей филиалында жоғары білім беру бағдарламаларын меңгерген және қорытынды аттестаттаудан ойдағыдай өткен білім алушыларға РФ заңнамасына сәйкес белгіленген үлгідегі білім және біліктілік туралы құжаттар беріледі», - деп жазылған құжатта.

Келісім шеңберінде Қазақстанда құрылатын Ресейдің жоғары білім беру ұйымдарының филиалдарын лицензиялау кезінде ел үкіметі өзге де талаптар бекітуге құқылы.

«Филиалда оқытылуы мүмкін кәсіптердің, мамандықтардың және даярлау бағыттарының тізбелерін кіші комиссия айқындайды. Филиалдарда оқыту филиалдар орналасқан елдегі білім беру тіліне қойылатын талаптар ескеріле отырып, білім беру бағдарламалары шеңберінде филиалдар орналасқан елдің мемлекеттік тілі және тарихы міндетті түрде оқытыла отырып, екі елдің мемлекеттік тілдерінде жүргізілуі мүмкін», - делінген келісім жобасында.

Күшіне енуі мүмкін келісім 5 жыл бойы қолданыста болады. Егер Қазақстан мен Ресей Үкіметтері тиісті кезең аяқталғанға дейін 1 жылдан кешіктірмей келісімді тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, келесі бесжылдық мерзімге автоматты түрде ұзартылады.

Құжат 24 наурызға дейін көпшілік талқылауда болады.


Соңғы жаңалықтар