Қазақстанда Qorgau жобасы басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстанда азаматтар құқын қорғау үшін тегін әрі қолжетімді инфрақұрылымды құруға бағытталған Qorgau жобасы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобаның мақсаты – өмірлік қиын жағдайда қалған тұрғындардың білім деңгейін көтеру.

1 тамыздан бастап барлық қала және аудан орталықтарында 210 заң кеңесі бөлімі ашылады. Қалаған адам осы бөлімдерге барып, бұқара құқын қорғаудың бүкіл маңызды бағыттары бойынша құқықтық көмек алуына болады.

Осы жоба аясында заң факультеттері студенттерін тағылымдамадан өткізу, «әлеуметтік» заңгерлер қоғамдастығын құру, «Айт!» ақпараттық-түсіндіру акциясын өткізу, т.б. көзделіп отыр.

«Жоба аясында барлық саладағы құқық қорғау ұйымдарымен меморандум жасалады. Кейде айрықша жағдайлар болып жатады, айталық біреу банкпен соттасуы мүмкін. Бұлар банк ісі саласындағы заңды тұлға мен жеке тұлға арасындағы нәзік мәселелер. Мұндайда осы саланың мамандары шақырылады», - дейді жобаның Алматы қаласы бойынша үйлестірушісі Алтынай Көбеева.

Оның айтуынша, бүгіннің өзекті мәселелері ретінде мемлекеттен әлеуметтік жеңілдіктер алу, ажырасу процесінің мәселелері, мүлік айырысу, алаяқтық, жұмысқа орналасу, тағы басқаларды айтуға болады.

Айта кетейік, осы жоба «Бірыңғай Call-орталық құру арқылы «Құқық қорғаушы» кешенді жобасын іске асыру» гранты аясында іске асырылуда. Оған «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдау көрсетіп, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолғабыс етіп отыр.



Автор:Еламан Тұрысбеков

Соңғы жаңалықтар