Қазақстанда ПТР тесті мен COVID-19-ға қарсы препараттар қалай арзандатылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин «жұмсақ құқық» әдісін кеңінен қолдану керегін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бәсекелестікті қорғау мәселелеріне келсек, бәсекелестік саясатында жазалаушы бағытынан «жұмсақ құқық» құралдарын кеңінен қолдануға көшу қажет. «Жұмсақ құқық» нарықты бәсекеге қабілетті етуге ынталандырады, оның негізгі құралдары – ескерту, хабарлама, монополияға қарсы комплаенс. Оларды қолдану бизнеске бәсекелестіктің бұзылуын өз бетінше жоюға мүмкіндік береді.

Бұрын монополияға қарсы орган бірден тергеуге шығатын болса, қазіргі заманауи бәсеке саясаты бизнеске бәсекенің бұзылу белгілерін өз бетінше жоюға мүмкіндік береді. Мысалы, «жұмсақ құқық» әдісімен Қазақстанда пандемия кезінде ПТР-тесттердің бағасын екі есе, медициналық маскаларды – 2,5 есе, антиковидті препараттарды – орта есеппен 27%-ға төмендетуге қол жеткіздік», - деді С. Жұманғарин «Мемлекеттің экономикалық әл-ауқатын арттырудағы бәсекелестік саясаттың рөлі» халықаралық дөңгелек үстелінде.

Сонымен бірге, спикер Мемлекет басшысының адал бәсекелестікті Қазақстан Республикасының жаңа экономикалық бағыты негізделуі тиіс жеті негізгі қағидаттың бірі ретінде айқындағанын атап өтті. Президент Жолдауын орындау аясында бәсекелестік саясатын іске асыру тиімділігін арттыру үшін монополияға қарсы органның институционалдық мәртебесі арттырылды – 2020 жылғы 8 қыркүйекте ҚР Президентіне тікелей бағынатын Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттік құрылды, бұл ЭЫДҰ-ның негізгі ұсынымдарына сәйкес келеді.


Соңғы жаңалықтар