Қазақстанда полиэтилен пакеттері өндірісі 63 пайызға артты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда полиэтилен пакеттер мен сөмкелер өндірісі 63 пайызға артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Таратылған ақпаратқа қарағанда, 2019 жылдың қаңтар-сәуірінде Қазақстан компаниялары 67,3 млрд теңгенің резеңке және пластмасса бұйымдарын шығарған. Бұл өткен жылдың 4 айындағы көрсеткіштен 16,4 пайызға артық. Аталған бұйымдардың өндірісі негізінен Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Алматы облысында шоғырланған.

«Шынайы мәнде пластмасса таспалар, үлдір өндірісі жыл ішінде 15 пайызға, пластик есіктер мен терезелер өндірісі 9,4 пайызға, пластмассадан жасалған тұрмыстық заттар өндірісі 11,6 пайызға және полиэтилен пакеттер мен сөмкелер өндірісі бірден 63,3 пайызға артқаны байқалады», - делінген таратылған ақпаратта.

Пластмасса бұйымдарын шығаратын кәсіпорындар этилен полимерінен, пропилен мен винилхлоридтен жасалатын құбырлар мен шлангілер 9,6 пайызға қымбаттап, келісі 665 теңгеге дейін жетті. Полиэтилен таспалар мен үлдір бағасы да 7,4 пайызға өсіп, келісіне 695 теңге болды. Пластик терезелер мен терезе жақтаулары да 7,1 пайызға қымбаттап, келісі 1081 теңгеге жетіп отыр.

Айта кетейік, Энергетика министрлігі әзірленіп жатқан жаңа ҚР экологиялық кодекс аясында Қазақстан аумағындағы бөлшек саудада сыйымдылығы кішкентай полиэтилен пакеттерді пайдалануға тыйым салуды көздеп отыр.

«Бұл бастаманың қажеттілігі мынада: негізінен полиэтилен пакеттер қоршаған ортаға және адамдардың денсаулығына елеулі зиян келтіреді. Қазақстандағы сыйымдылығы шағын полиэтилен пакеттерді сатуға кезең-кезеңімен тыйым салынады. Бірінші кезеңде полиэтилен пакеттерді тегін таратуға шектеу қойылады. Осы кезеңде халық арасында әсіресе қоршаған ортаға және адамдардың денсаулығына полиэтилен пакеттердің қаншалықты зиян екеніне байланысты кеңінен үгіт жүргізу қажет. Сонымен бірге, баламалы экологиялық қаптама өндірісін ынталандыру мәселесі де шешілуі тиіс. Екінші кезеңде олардың ел аумағында сатылуына толық тыйым салынады. Полиэтилен пакеттерді пайдаланудағы бұл шектеу мәселені жан-жақты әрі егжей-тегжейлі зерттеуден кейін енгізіледі», деп түсіндірген еді министрліктен.

Соңғы жаңалықтар